Шежірем сыр шертсе - страница 10

Шрифт
Интервал


,– деп әбігерлері кеткені рас.

Бұлай дейтіндері орынды-ақ. Күнделікті араласып жүрген ағайындардың қайсысының кімнен тарайтындығын, олармен ара қашықтығымыздың алыс, жақындығын дұрыс айыра білгіміз келген қарабайыр қарақан басымыздың жайын ойлап ғана емес, бүгін болмаса да ертең арамызға келер әулет тарихын әу басынан жете оқып, зерттеп білгісі келер көзі қарақты, білімгер немере, шөбере, шөпшектер тұрқын ойлап жазып отырмыз. Өйткені араларынан: "Аталарымыз кілең оқыған, сауатты адамдар болғанымен қайдан өрбіп, қалай тарқап, тарайтындығымыз жөнінде жетемізге жетердей жеткізе айтып, ештеңе жазып кетпегендері несі?",дейтіндері табылып жатса бізге серт емес пе? Білгілері келгенін біле алмаған олар үшін мұның арты өзекті өртер өкінішті жайға әкелері ақиқат. Сондықтан мұның бәрін жазып, қалдырып кету үшін Аллаһ ниетімізге қарай Үриядай әпке беріп, оның өмір жасын ұзақ қылып қойғандығына шүкір дейміз.

Бұларды келер ұрпақ үшін дейміз ғой, ал бүгінгі ұрпақ үшін дер болсақ, тым аз болмаса да, тым мол болмаса да, бірақ біраз айтар дүниесі бар түпнұсқалар мен тарихи, шежіре кітаптарды олар қай кітапхананың қай есігін ашып, оның қай сөрелерінен уақыттарын сарп етіп іздеп жатпақ? Одан да алыстан арбаламай, жақыннан дорбалап, іздегендерін осы кітап ішінен беттерін әрлі-берлі аударыстырып отырып-ақ оп-оңай тауып алмай ма дегеніміз ғой.

Сосын құдайға шүкір, немере, жиендер қазір бәрмізде баршылық ғой, кездесе қалғанда бұлар кімдер, қайсысы кімнен өрбіп, қалай тарайды деп жатпай аттарын сұрап-біліп алсақ болғаны, қалғанын осы кітаптан-ақ ақтарыстырып, тауып алуымызға болады. Өйткені соларға қатысты деректерді де қамти жазуға тырыстық.

Ал шежіремізді әрі қарай тереңірек, кеңірек оқып, білем деушілер шығып жатса, олар үшін деректерімізді қай жерден, қай құжаттардан, оның қай беттерінен алғандығымызға сілтеме жасай отырып бердік.

Шежіреңді өз атыңнан емес көпшіліктің атынан жазыпсың деп жатқандар да бар. Егер оны Рашид, Шаймахан, Әлмахан, Шәдек, көзі тірі арамызда жүрген Үрия, Айтмахан сияқты аға, әке, көке, әпкелеріміздің аузынан, қалдырып кеткен жазу-сызуларынан алып, күнделікті қасымда жүрген өзге де бауырларымның айтуымен қағазға түсіріп жатсам неге ол тек менікі ғана болуы керек, көпшіліктікі емес пе дегім келеді.

Бүгіндері өзгелер шежірелерін басқаша стиль, жолмен жазып жүрген шығар, бірақ мен еңбегімді оқырманыма көпшіліктің атынан осылайша әрі шежіре, әрі төте оқу құралы, әрі қысқа, мәліметтері бір жерден табылатындай әмбебап анықтама сыпатында ұсынуды ниет еттім. Келер ұрпақ біз құсап баба, аталарымыз бен әже, апаларымыздың түр, кескіндері қандай болды екен демес үшін фотосуреттерді де табылғанынша мол етіп бердім.