Шежірем сыр шертсе - страница 11

Шрифт
Интервал


Кейінгі ұрпақ шежіремізді осы тоқтаған жерімізден әрі қарай өздері жалғастырып әкетер, жазар деп ойлаймын. Біздікі–білгенімізше әулетіміздің бастау алар мұнар басын оларға мәлімет үшін ұмыт қалдырмай бастап беру, қағазға түсіріп кету болды.


СССР журналистер одағының, Қазақстан журналистер одағының мүшесі Тажис Мыңжасар

07.03.2015 ж.


КІРІСПЕ


Алла-тағала сонау ықылым заманда әлемді бір тарының қауызына сиып кетердей жоқтан бар етіп жаратқанда оған алдымен берген асыл қасиеттерінің бірі кешегісі бүгінгісіне, ал бүгінгісі ертеңгісіне ауысып отыратын уақыт өлшемі болыпты. Содан бері төрткіл дүниеміз осы уақыт өлшеміне тәуелді болып келе жатқаны хақ. «Кешегімді білмей бүгінімді қалай түсінем, бүгінімді білмей ертеңіме қалай қол созам»,-деп көне көз қария, шешендеріміз тегіннен тегін тебірене жырламаса керек.

Сол айтпақшы, өткен дүниенің парқын білмей, өтіп жатқан дүниенің нарқын түсіну, кешегі тарихымызды жете білмей, бүгінгі өмірімізді жеткілікті түсіну біздіңше мүмкін емес. Бұларсыз көмескі келешегімізге қорықпай көз тігу де, қомсынбай қол созу да, жатсынбай қадам басу да қиын. Бұл ретте бізді табан жолымыздан жаңылдырмай, темірқазық жұлдыздай жетелеп алға алып жүрер жалғыз жолбасшымыз тарих-шежіреміз екені анық. Ендеше, әңгіме арқауы сол тарих-шежіреміз жайлы болмақ.

Юнесконың соңғы деректері бойынша әлемде 1500 ұлт пен ұлыс өкілдері өмір сүреді екен. Мәселен, солардың бірде-біреуін шежіресіз деп айта алмайсыз. Бәрінің шыққан тектерін, басынан-кешкендерін ұрпаққа жыр етіп баяндап берер өзіндік қисса-дастандары мен жыр-аңыздары бар. Шежіре дегеннен шығады. Шежіре Қазақ Совет энциклопедиясында арабтың шаджарат–бұтақ, тармақ деген сөзінен шығатындығы, халықтың шығу тегі мен таралуын баяндайтын тарих ғылымының бір тармағы екендігі айтылады (12 т. 231 б.).

Айтпағымыз, қазағымыз тегін білмейтін жетім ел емес. Жеті атасынан бастап, түптұқиянына дейін тарқатып, таратып бере алар шежіресі бар жетіскен ел. Өзге жұрттар қазақты жаһан халықтарының ішіндегі ең бір шежіре-жазбаларға бай ел дейтін көрінеді. Солай десе солай да шығар. Себебі халқымыздың өмірінен сыр шертетін жылнама іспеттес тарихи жыр-дастандарды былай қойғанда жүздер шежіресі, жүздер шежіресін қоя тұрғанда, бізде не көп әулеттер шежіресін саусақпен санап болмайды.

Әрбір әулет бабаларын, олар өмір сүрген орта тарихын, солардың басынан кешкен уақиғаларын өсіп келе жатқан өскелең ұрпаққа үлгі, тағлым етіп тарту үшін аянып қалған ба. Олардың ерлік істері мен көшелі тірліктерін барын салып, көсем сөзбен кестелеп жеткізіп беріп отырған жоқ па. Ондағы мақсаты–оларды бабалар тірлігімен, аталар ірілігімен рухтандырып, бойкүйезділікке салынбас, өмірдің келеңсіз жайларына бой алдырмас жігерлі жан етіп өсіріп, үлкенді сыйлар, кішіні құрметтер, ата-анасы мен жақын туыстарына қорғаушы, сұраушы болар намысты азамат етіп, тәрбиелеп шығару еді.