Тағы да бір қызық жағдай. Қыстың бір тамаша, жайма шуақ күні еді. Жәкең тоғайда қоянға деп құрған тұзақтарын көремін деп киініп жатқан. Шешем: «Сен қайда барасың?» – Жәкең: «Тұзақтарымды қарауға барамын!» – «Көгала, сенің тұзағыңа соқыр қоян да түспейді, одан да сиырларды суатқа айдап бар» – деп, шешем жібермеді. Сиырларды суарып келгеннен соң тұзақтарына барса, бір көк ит, тұзаққа түскен түлкіні бөлшектеп жатыр екен. Жәкең, қорықпай, итке таяқ лақтырады. Басы бір бөлек, денесі, құйрығы бөлек түлкіні Жәкең үйге алып келді. Қып-қызыл, керемет әдемі түлкі екен, өкінгеніміз-ай. Ал, әлгі көк ит деп, Жәкеңнің таяқ лақтырып жүргені, кәдімгі көкжал қасқыр екен. Жас кезімізде осындай да оқиғалар болған.
1943 жылы, қыс бітер кезде, әкем келді. Ауыл шаруашылығының кейбір мамандарын, соғыстың беті бері қараған соң, елдеріне қайтарған. Әкем мал дәрігері болатын. Әкеміз келгеннен соң өмір өзгере бастады. Сол жылы жазда біздің ауданның, Семей жаққа қараған жағындағы бір «Жаңа күш» деген колхозға мал дәрігері етіп жіберді. Біздің, бұрынғы «Қызыл еңбек» деген колхозымызға қарағанда, кішілеу, нашар колхоз екен. Бірақ жанынан Ертіс өзенінің өзі ағады. Бір шатағы осы ауылдың балалары, бөтен бала Жәкеңе, күш көрсеткілері келеді. Кейбір кезде үйдің төбесінен түсірмейді. Бір күні осы жағдайды әкем көріп, әлгі балаларды аттың бауырына алып қусын. Балалар шатақтарын қойып, кейін Жәкеңмен достасып кетті.
Бұл «Жаңа күштегі» өміріміздің ең бір қызық сәттері асық ойнаумен байланысты. Асық ойнауға топ бала жиналады. Асықтан ұтқан бала біздер үшін дүниежүзінің бокстан чемпионы болғаннан кем емес. Ойын түстен басталып, кейде, түнде айдың жарығымен де созылады. Бір марафон. Әр уақытта, ұзақ ойыннан кейін, екі бала, бәйгенің жүйрігіндей, сытылып шығады: бірі біздің Жәкең, екіншісі – бір Асылхан деген бала. Екеуі бірін-бірі жеңе алмай, ойын әбден қызады. Бір бала, түн болса да, шешелері айғайлап ұрысса да, қазыр, қазыр барамын деп, шешелерін алдап, осы бір екі баланың сиқырлы ойындарын, жан-тәнімізді салып, қызыға-қызыға көріп тарамайды. Бір кезде «ух» деп дем аламыз, біреуі жеңеді. Көпшілігінде Жәкең ұтады. Шынымды айтсам, Жәкеңнің көпшілік жағдайда сақасы артық болушы еді. Әрине, талантты да ұмытпау керек, әсіресе, Жәкеңнің шыдамдылығын, алған беттен қайтпайтындығын айтпасқа болмайды. Бірақ осы жерде тағы бір нәрсе еске түспей қоймайды. Сөзсіз Жәкең жойқын мерген, асық ойнауды өнер дәрежесіне көтерген талантты бала. Жаман жері сараң еді. Бір үлкен бұзау терісінен жасалған дорба асығы болса да, тағы да бір темір қорап асығы болса да маған, жалғыз бауырына, бір жаман асығын бермеуші еді. Бұл шындық.