Мейрхан Абдильдин: Өнегелі өмір. Вып. 22 - страница 40

Шрифт
Интервал


1944 жылы мен бірінші класқа бардым. Жәкең, ұмытпасам, бесінші класта. Келесі жылы, алтыншы класта, алты бала оқуы керек еді. Бұлар бес қыз және Жәкең. Осы алтыншы класта, оқу басталғанда, бес қыздың оқи алмайтындықтары әбден анықталды, үлгерімі жақсы жалғыз Жәкең. Сондықтан бұл оқу жылында алтыншы класты жауып, бес қызды бесінші класқа, ал Жәкеңді секіртіп жетінші класқа ауыстырды. Ол кезде мұндай жағдайлар болатын. Сөйтіп Жәкең бір жылда екі класс бітіріп, кейін онжылдықты он алты жасында бітіруге мүмкіндік алды. Осындай, бала кезден, жолы да болғыш болатын.

1945-1949 жылдар. Қызыл еңбек колхозы. Павлодар облысы, Май ауданының осы колхозында ағамыздың жастық өмірінің тағы да бір қызықты шақтары өтті.

Ең бірінші жәйт мектеп туралы. Жәкең 1949 жылы, он алты жасында, осы колхоздың «Қазақстан» орта мектебін бітірді. Қателеспесем, осы жылы мектепті бітірген балалар тұңғыш рет мемлекеттік емтихандарды өз мектебінің қабырғасында тапсырған. Себебі: бұрын біздің мектептің оқушылары мемелекеттік емтихандарды Павлодарда, не болмаса Ертістің арғы жағындағы Қызыл қоғам деген колхоздың Қызыл-Әскер атындағы орта мектебінде тапсыратын. Мектепті бірінші рет басқа жаққа бармай, өз ауылымызда бітіру, біздің колхоз үшін, Май ауданы үшін бір елеулі жағдай болды. Сондықтан мектеп әдемі той жасап, бұл тойға көп колхоздардың бастықтары, ауданның бастықтары (райисполкомның бастығы Қабашев бас болып), елдің қадірлі ақсақалдары, ата-аналар баршасы қатынасып, салтанатты жағдайда кәмелеттік аттестаттар беріліп, балаларға жарқын болашақ тілеген болатын. Осы тойда Қабашев Жәкеңе бас ұстатқан. Мектеп бітірген балалардың саны бар болғаны жетеу болатын және бұлар сондай ұйымшыл еді. Осы мектептің атағын шығаруда мектеп директоры Шүлембаев Шапағаттың үлесі де мол. Бұл кісі Абай өлеңдерін, жалпы қазақ әдебиетін жетік білетін. Мектепте, елде әдебиетке, әнге, биге үлкен құмарлық болатын. Мектеп балаларының концертіне үлкенді-кішілі лық болып жиылатын. Мектеп оқушысы, апамыз, Хамитова Дәметкен әнші Мұхиттың «Айдайын» салғанда халық ду қол шапалақтап, мәз-мейрам болып, бір сергіп қалатын.

Сонымен не керек, Қазақстанның болашақ жалғыз академик философы, Қазақстан ғылым академиясының вице-президенті, сенатор Жәкеңнің өмір жолы осылай қуанышпен сәтті басталып, халықтың батасын алып еді.