Қиял Әлемі. Ертегілер - страница 2

Шрифт
Интервал


Таңертең тұрғанда әр жануардың бас жағында өз тосын сыйы дайын тұрады. Бірақ оған ешкім таңғалмайды, әркім өз ісімен жүріп кетеді. Тоқашай болса, бұл сыйлықтарды жануарларға жіберген кім екенін қатты білгісі келеді. Соны ойлағаннан маза тауып отыра алмайды. Бірінші кезекте әке-шешесінен сұрайды:

– Әке, әке, бізге мына сыйлықтарды кім дайындады? – дейді Тоқашай құлақтарын тікірейтіп.

– Бұл баяғы заманнан келе жатқан дәстүр, кімнің дайындағанын ойламаппыз-дағы, – деп үн қатады әкесі. Үйден жауабын ала алмаған Тоқашай далаға аттанады. Қоржынына толтырып тоқаш салып алып, әке-шешесінен рұқсат алып, сұрағының жауабын іздеуге шығып кетеді. Ең алдымен, досы Рүшенге соғып, көптен бері екеуі дайындаған кемесіне бірге отырып кетеді. Бірінші кезекте сиырға барады.

– Сиыр тәте, бізге сыйлықтарды кім дайындады? – дейді ауыздарын аңқитып.

– Мөөөөө, білмеппін кішкентайларым, сендерге ол не үшін керек, сыйлықтарыңды алып тыныш отыра бермейсіңдер ме? – дейді күйіс қайырып тұрған ала сиыр.

Сиыр сұрақтың жауабын білмеген соң, олар «мысықтың жүрмейтін жері, кірмейтін тесігі жоқ қой» деп мысыққа барады.

– Мысық әпке, бізге осы сыйлықтарды кім жібереді? – деп сұрайды тышқан мен тиін.

Мысық ойланып тұрып:

– Миияяяу, білмеймін, еш ойланбаппын, – дейді.

Мысықтан да жауап ала алмаған екі дос енді қойға барады. Қойлар отар болып жүреді, көп естиді деп үміттенеді. Қойдың қасына барған соң:

– Қой аға, бізге осы сыйлықтарды кім жібереді? – деп сұрайды Тоқашай қатты үміттеніп.

Сол кезде қой бір маңырап:

– Мәәәәәәә, маған бәрібір, әйтеуір қарным тоқ, көйлегім көк, – деп жауап қатады.

Бұл жауаптардан кейін Тоқашайдың көңілі түсіп, Рүшенге бұрылып:

– Осылар қызық, сыйлықтарды кім жіберіп жатқанын білмейді, хайуан деген ең болмаса рахмет айту керек қой. Мен сыйлықтарды кім жіберетінін тапқанша тынышталмаймын, кім екенін тауып, алғысымды білдіремін. Осыншама жақсылықты кім жасап жүр, білу керек қой, – дейді.

Сөйтіп, олар «көп жерді аралап, саяхатқа көп шығады ғой» деп түйеге жолығады.

– Түйе апа, бізге осы сыйлықтарды кім жібереді? – деп сұрайды Рүшен.

– Бааааа, қайдан білейін, – дейді түйе асықпай басын көтеріп.

Түйеден үмітін үзген екеуі енді жылқыға барады. Талай жердің шаңын көтеріп жүрген жылқы білетін шығар деп ойлайды.

– Жылқы ата, бізге осы сыйлықтарды кім жібереді? – деп сұрайды Тоқашай.