Сонымен, келесі күні Бақыт тәтені апа-жездесі Алматыға алып кетеді. Алматыда бұл кісілерге туыс болып келетін Меліс аға мен Жақатай тәте бала-шағасымен тұратын. Меліс ағаның өзі де, қызы Айгүл де дәрігерлер. Айгүл Сов. Миннің ауыруханасында қызмет атқаратын. Аймен тәте Айгүлмен ақылдасып, осы ауыруханаға сіңілісін емдетуге жатқызады. Әрине, мұнда Серік жиені қомақты пұлын төлегенсоң ғана науқасты қабылдады. Сонымен, дәрігерлер Бақыт тәтені бастан-аяқ тексеруге кірісіп кетті. Күнде-күнде сараптама жасап, неше түрлі УЗИ тексерістерінен өткізіп, сонымен бірге рентген, компьютерлік диагностика жасап бір қортындыға келді де емін белгіледі. Және Талдықорғанның тубдиспансері қойған диагнозды жоққа шығарды. Бақыт тәте дәрігердің Аймен әпкесіне айтып жатқан сөздерін естіп қалды. Дәрігер былай деген еді:
– Бұл кісі күшті антибиотиктер қабылдаған және қатты күйзеліске түскен. Бүгінгі таңда мұндай дерт өте сирек кездеседі. Бұл қанның құрамының бұзылуына байланысты. Ал қанның құрамының бұзылуы ішкі ағзасына зиянын келтірмей қоймайды.
– Бұл дерттің емі бар ма? Сіңілім жазыла ма? – деп, Аймен әпкесі уайымдай бастайды.
– Уайымдамаңыз, қолымыздан келгенінің бәрін істейміз. Күнде-күнде қанын сараптама тексерісіне алып тұрамыз, – деп, дәрігер палатадан шығып кетеді.
Келесі күні медбике келіп Бақыт тәтенің саусағынан тағы қан алып жатқанда:
– Күнде, күнде саусағымнан қан ала бересіңдер ме? Мен өте қырсық адаммын, – деп, тәте медбике қызға ренішін білдіреді.
– Ия апай, мен де қырсықпын. Қаныңызды күнде тексерістен өткіземіз, берген дәрінің бәрін ішіп жүрсіз бе!? – деп, медбике әдемі қарақаттай көздерімен тәтеге қарап жымиды. – А деп келгеніңізде әрең жүріп келіп едіңіз, қазір жақсы болып қалдыңыз, тәуба.
– Ия, рахмет қызым. Менің сендей қызым бар, студент, – деді де тәте ойланып қалды.
– Ал, енді демалыңыз. Сәлден кейін таңғы ас келеді, сіз дұрыс тамақтануыңыз керек, – деп медбике палатадан шығып кетеді.
Түске таман Аймен әпкесі Сәлима деген құрбысымен Бақыт тәтенің халін білуге келді. Ол кісілер науқастың халін сұрап көңілін көтергендей болды. Үйден әкелген мантыны тәтеге беріп тамақтандырды да өздері ананы-мынаны айтып сөйлесіп отырды. Бірақ, Бақыт тәтенің бұл кісілермен шаруасы жоқ, өзімен-өзі, мәңгіріп отырғандай болып көрінді. Тамырынан құйып жатқан дәрілердің және күнделікті ішіп жатқан мықты-мықты дәрілердің әсері ме, әйтеуір есеңгіреп отырады. Осы қабылдап жатқан дәрілердің әсерінен болар, ол кісінің