Дерт - страница 16

Шрифт
Интервал


– Қазір жақсымын. Үйден келесіңдер ме? Өздерің қалайсыңдар, балалар аман-есен бе?

– Бәрі аманшылық. Біз Тараздан келеміз, – деді Сәбит бауыры. – Балаларды көктемгі демалысына орай нағашыларына апарып келеміз.

– Сендер машинамен жүрсіңдер ме? – деп, шыдамсыздана сұрады әпкесі.

– Ия, машинамен жүрміз, енді үйге қайтып барамыз, – деп жауап берді Сәбит.

– Көрші палатада Аймен жатыр, соған барыңдар, – деп, Бақыт тәте қояр да қоймай бауыры мен келінін Аймен әпкесіне жіберді.

Сәбит пен Қадишаның ойларында ештеме жоқ, палатадан шығып кетті.

Осы палатадағы екінші төсекте бір науқас емделіп жатыр деп жоғарыда айттым. Ол кісі Бақыт тәтенің мына қылығына таңқалды және дертінің аса оңай еместігін де, сары уайымға салынғанын да байқаған еді. Бауыры мен келінін көрші палатаға жібере салып, Бақыт тәте орнынан тұрып, шкафтан пальтосын алып киді де «үйге кеттім» деп, дәлізге шығып кетті. Далаға шығып, бауырының көлігінің арт жағына жайғасты. Көліктің ішінде бауырының екі ұлы отыр екен. Олар – Еламан мен Елдос, мектеп оқушылары. Еламан жоғарғы сыныпта, ал Елдос бастауыш сыныпта оқиды. Тәтенің көлікке жайғасып отырғаны сол еді әпкесі, бауыры, келіні, соңдарынан медбике мен дәрігер келді.

– Түс машинадан, түс деймін! Еміңді соңына дейін ал! Қазір недәуір жақсы болып қалдың ғой! – деп, әпкесі жылап, пальтосының жағасынан ұстап өзіне қарай тартса да Бақыт тәте оңайлықпен түсер емес.

– Түспеймін, үйге барамын! – деп, тәте бой бермеді.

– Қанша ақша төленді мында, білесің бе!? – деп әпкесі шырылдап жүр.

– Білемін, ақшаңды кейін қайтарамын.

– Жарайды, тиіспеңіз ол кісіге. Диагноз қойылды, қандай ем қабылдайтыны туралы белгіленіп жазылды. Талдықорғанда да дәрігерлер бар, емін сол жақтан алса да болады. Біреулеріңіз менімен жүріп ол кісінің құжаттарын алыңыздар, – деді, мұнда келген дәрігер.

Сонымен, тәтенің құжаттарын алып, бұл кісілер жолға шықты. Үйіне қалай жеткені тәтенің есінде жоқ, тек есінде қалғаны, бесінші қабаттағы пәтерінің есігін Динараның ашқаны.

– Динара, мен ауруханадан қашып кеттім, – деді де Бақыт тәте сырт киімін шешініп, төсегіне барып жатты. Осыдан кейін тағы не болғаны есінде жоқ.

Біраз уақыт өткеннен кейін, тәтенің Аймен әпкесі ортаншы ұлы Серікпен бірге Алматыдан келді. Қалалық емханаға барып учаскелік терапевке кіріп, Алматыдағы дәрігерлердің, науқас туралы шығарған қортындысын көрсетіп кеңес сұрады.