Сөнбес сезім - страница 2

Шрифт
Интервал


Нүрилә апай жан-жағына қарады да, «үйді келістіріп салдың да өзің мәңгілікке аттандың. Құдай қосқан қосағым едің. Қайтейін. Үлкен кісілер немерелерін ертіп сая-жайда жүргендерін көргенде жүрегімнің шаншып кететіні бар. Егерде сен тірі болсаң біз де солай жарасып жүрер ме едік,» – деп, Нүрилә апай күрсініп қойды.

Апайдың үйі шынымен де келістіріп салынған екен. Қонақ күтетін үлкен бөлмеде осы кезеңде сәнге айналған қабырға шкафы тұр. Бір сөрелерінде кітаптар жиналып тұрса, енді бір сөрелерінде қонаққа ұстайтын әдемі ыдыстар орналасқан. Бұл сөрелер әйнектелген есіктермен жабылған. Ал ашық сөрелерде отағасының, балалары мен немерелерінің әдемі рамаларға салынған суреттері тұр. Апай жаңағы суреттерге қарап: «айналайындарым менің, өсіп, өніңдер, қайда жүрсеңдер де аман болыңдар» – деп, күбірлеп қояды. Апайдың мейірімге толы жанары нұр шашып тұр еді. Бөлменің екінші жағында жұмсақ диван мен екі кресло. Диван мен креслолардың үстінде апайдың өз қолымен тіккен көрпешелер әсем құрақтарымен көздің жауын алады. Диванның жоғарғы жағындағы қабырғада Нүрилә апай мен отағасының жас кездерінде түскен суреттері ілулі тұр. Адамның ең қызықты да, бақытты да шақтары жас кездері емес пе. Нүрилә апай осы суретке қарап, бір нәрсені есіне түсіріп күліп жіберді.

Ол кезде жас, аса ештемені ойламайтын жақсы кезең еді. Бір күні ауылдарына суретші келе қалды. Үй-үйді аралап, суретке түсеміз дегендерді суретке түсіріп жүр екен. Суретші Нүриләнің ата-енесінің үйіне келгенде отбасының мүшелерінің бәрі үйде еді. Үйдегілердің бәрі дұрыс киімдерін киіп, шаштарын тарап дегендей мәре-сәре болып жатыр. Нүриләнің ата-енесі инабатты, парасатты жақсы адамдар болды. Олар келіндеріне өз қызындай қарайтын. Отбасы болып, барлығы бірге суретке түсіп болған соң, енесі келініне қарап, – енді Қайрат екеуің бірге түсіңдер, жастық шақтарыңнан естелік болсын – деп, ұлына басын изеді.

– Апа, түспей-ақ қояйықшы – деп, келіні ұялып төмен қарады. Ол кезде өз баласын аймалап, бетінен сүюге де ата-енесінен именетін еді. Енді күйеуінің қасына бұл кісілердің көзінше қалай отырмақ.

– Болды! Болды, ұялмай-ақ қой! Отыр, бір біріңе жақын отырыңдар! – деп, үйдегілер күліп, екеумізді отырғызып қойған еді – міне, осылай түскен сурет еді. Сонда неменеге ұялып жүрмін? – деп, Нүрилә апай тағы күліп жіберді.