Сөнбес сезім - страница 3

Шрифт
Интервал


Бұл бөлмеден басқа екі жатын бөлме және ас үй бар. Барлық бөлмелер әдемі жиналған. Апайдың өз бөлмесінің еденінде киіз бен алаша төселген. Балалары, «кілем төсейік» десе де, өз анасынан қалған бұйымдарды тастағысы келмеді. Бұл бөлмеде екі төсек және сандық тұр. Бір төсекте апай өзі жатады, ал екінші төсек отағасынікі болатын. Отағасы бақилық болғалы бұл төсекте он шақты көрпе жиналып тұр. Қанша қонақ келсе де қысылмайды. Ал ас бөлмесіне келетін болсақ, бөлме кең, ортада үлкен, аласа дөңгелек стол. Жерде кілем, столдың жан-жағында жағалай төселген көрпеше, көпшіктер. Бөлменің есік жақ бұрышында қыстың күні от жағатын пеш. Үй түгелімен осы пештен жылиды. Терезеге жақын жерде газ пеші, одан әрі ас бөлмеге арнайы жасалған ыдыс шкафтары.

Бұл үйдің ауласы кең, моншасы да, жазғы ас үйі де бар. Алғашқы күзгі суықтар түскенше апай отбасымен осы жазғы үйде отырады. Тек жатарда ғана үлкен үйге кіреді. Апай жастық шағын есіне алып бір жасап қалғандай еді. Ол кісі көпшігіне отырып, біраз ойланып қалады, – көршіме барып, біраз әңгімелесіп қайтайын, – деп, орнынан тұрды. Ол кісі далаға шықты, күн дегенің әлі ысып тұр екен.

– Талғат-ай, қайдасың? Кешке жақын бақшаны суаруды ұмытпа!

– Ия, ұмытпаймын, – деді көршілердің балаларымен асық ойнап жүрген немересі.

– Бүгін суарып, ертең, бүрсүгіні түптеуіміз керек. Картобымыз да, ұсақ жемісіміз де жақсы көтеріліпті. Сен үйге кіріп біраз тынығып алсаңшы, немесе, анау алма ағашының түбінде көрпе жатыр, соның үстіне жатып ұйқтап ал. Мына шыжыған күннің астында жүргендерің не? – деді апай балаларға қарап.

– Қазір әже, алма ағаштың көлеңкесіне барып отырамыз, – деп балалар шу ете қалды.

– Әй, алманы жұлушы болмаңдар, әлі піскен жоқ, – деп апай ескертті.

Сонымен, толықша келген денесін тік ұстап, аяқтарын жеңіл басып Нүрилә апай көршісінікіне кетті. Көршісінің үйі де үлкен. Бау-бақшасы жайнап тұр. Үйдің ауласында ешкім көрінбеді, сондықтан, Нүрилә апай ауыз үйдің есігің ашып:

– Жамал, үйдемісің!? – деп, дауысын көтере сөйледі.

– Ә, тәте, сізбісіз, келіңіз, жоғары шығыңыз, – деп Жамал апай да бәйек болып жатыр. Жамал Нүрилә апйдан екі-ақ жас кіші болса да, ол кісіні сыйлап, «сіз» деп сөйлейтін.

– Мына күн де ысып кетті жарықтық. Демалып жатыр ма едіңдер, кірмей-ақ қояйын. Көлеңкеде отырып біраз әңгімелесейік, – деп, көршісін далаға шығуын өтінді.