Мадрид!.. Ағай, Сіз менің өстіп атыңызбен атағаныма ашуланбаңыз. Рас, сіз мұғалімсіз, бізге білім бересіз. Үлгілі адамсыз. Бірақ мен сізді сүйемін, сондықтан да атыңызбен атап отырмын. Сүйген адамыңды ең болмаса бір рет хат жүзінде болса да атымен атағанның айыбы жоқ шығар. /Ернін шүйіріп, жақтырмай басын шайқайды./
Ағай, мүмкін сіз мені ұятсыз деп ішіңізден сөгерсіз, жалынам – өйтпеңізші. Ойланыңызшы, сіз бізге мұғалім болғаныңыз болмаса, менен төрт-бес-ақ жас үлкенсіз. Мен қайтем енді? Әуелі әрі-бері «айтпай-ақ қояйын, сіз білмей-ақ қойсын, ұят қой менің мұным, ұят…» деп өзімді талай тежедім. Бірақ төзімнің де шегі бар емес пе? Әнеугүні репетицияға кешігіп келгенім үшін балалардың көзінше қатты кейідіңіз. Неге сонша қатты кейідіңіз маған? Мен сізді жақсы көрем ғой, Сіз неге соны түсінбейсіз! Тым болмаса маған бір сәт көз тоқтатып қарамайтыныңыз не?! Білем, сіз өзіңіздің ұстаздық беделіңізді түсіргіңіз келмейді, бірақ мен сіздің беделіңізді түсіруге ешқашан тырысқан жоқпын. Қанша кейісеңіз де үнсіз шыдап, тыңдап тұра бердім. Өзіңізді жақсы көретін адамға осынша ұрысуға бола ма? Әлде сіз ештеңені сезбейсіз бе?.. Ағай, өткенде қыздар сізді кітапханашы апаймен жүреді деп әңгіме қылды. Рас па сол? Олай болса, менің хатымды быт-шыт қылып жыртып тастаңыз, ал егер олай болмаса, хатыма жауап беруіңізді өтінемін. Енді екі-үш айдан соң мен де мектеп бітіремін ғой…
Ағай, «қыз басымен мұнысы несі» деп мені кінәлай көрмеңіз. Ойлаңызшы, Жәмила да Даниярды сүйді ғой, ол да қыз басымен сүйетінін бірінші болып білдірді. Қазір баяғы заман емес, хат жазып, жауап күтуші – Рәбиға.
Ал, осы ма білгілерің келгені? /Езуіне мысқылжүгіріп, бөлмедегілерді шеттерінен бір-бір шолып шығады. Мұғалімдердің бәрі аң-таң, жалтақтап бір – біріне қарайды./ Хатты маған Мадрид әкеп берді. «Мектептегі қыздар советінің председателісіз, Жанұзақовамен сөйлесіңіз, тәртіпке шақырыңыз» деді. Сонан соң сөйлестім. Енді не қылам? Өздерің ойлаңдаршы: мұғаліміне сүйдім-күйдім деп қалай аузы барады? Түсінбеймін. /Қамқаға бұрылып/ Ал сіз әңгіменің байыбына бармай жатып, дікің-дікің етесіз. Мүмкін жаңағы Құдайбергенова болған жайды басқаша түсіндіріп кеткен шығар. Бүгінгінің адамынан бәрін күтуге болады. Қарғадайына дейін іштерінен бәле-жаланы оқып туған.
Қамқа. Е-е, ішіміздегі ең тәуір өзің екенсің ғой, жарайд, тоқтат. Ақылшымыз, биіміз сен болсаң, бәріміз де жетіскен екенбіз… /