Көмекбай. Мыналарды неге жинамаған-әй?! Әрдайымғылары осы, жау тигендей жайрайды да жатады бұл үйдің іші.Ырысты-Ырысты! Ырысты деймін!..
Көмекбай аяқкиімдерін дәлізге қалдырып, үйдің ішіне енеді. Төргі бөлмеден бет-жүзі сәл-пәл ісіңкі тартып, басындағы гүлді жібек орамалы желкесіне қарай әнтек қисайып кеткен Көмекбайдың Құдай қосқан қосағы Ырыстының басы қылтияды.
Рысты. Не боп қалды?
Көмекбай. Қайда жүрсің?
Рысты. Қайда жүргені несі? Осы үйде де. Жаңа ғана қисая қойып ем, кішкене көзімнің шырымын алайын деп…
Көмекбай. Сенің-ақ әйтеуір ұйқың қанбайды. Дүниені топан су қаптап келе жатса да саған бәрібір, пырылдап ұйықтай бересің. Күн кеш болған жоқ па, тамақты қашан асасың, шайды қашан қоясың? Бері кел, сөйлесетін әңгіме бар.
Рысты. Айта берсеңші…
Көмекбай. Бері кел дедім ғой мен саған!..
Рысты. Ойбай, Құдай-ай, келіп тұрмыз ғой енді!..
Көмекбай. Көшеміз! Бүгіннен бастап жинал. Осы «Кеңтүпті» бар ғой… Желкемнің шұқыры көрсін енді!..
Рысты. Не деп тұр осы?! Мына қыстың көзі қырауда ма?..
Көмекбай. Қайдағы қыстың көзі қырауда, қайдағы қыстың көзі қырауда, а-а?! Осы сенің-ақ қысыңның көзі қыраулайды да тұрады екен! Бүгін бар болған қарашаның екісі!..
Рысты. Қарашаның екісі болса, көзді ашып жұмғанша күні ертең-ақ желтоқсаның келмей ме ысқырып. Енді қыс болмағанда несі қалды сонда?
Көмекбай дәл осы кезде қабырғадағы киімілгішке курткасын іліп жатып, әйеліне ерекше бір «мағыналы көздермен» тағы бір оқшырая қадалып өтеді.
Көмекбай. Осы әдетіңді қашан қояр екенсің сен?! Мен бірдеңе айтсам әйтеуір есебін тауып «әбизателні» қарсы шығудан өзге білерің жоқ. Осы үйдің еркегі кім өзі – мен бе, сен бе?
Рысты. Ойбай, сен ғой, сен! Аяқ астынан не боп қалды? Енді түсіндіріп айтсаңшы былай…
Пауза. Көмекбай сәл-пәл ентігін басып, төрдегі құрақ көрпенің үстіне барып, малдасын құрып, шоқиып отырады.
Көмекбай. Ашытпа көже бар ма?
Рысты шоландағы сырлы шелектен бір сапар кесе ашытпаны әкеп, күйеуіне ұсынады. Кесені ұсынып жатып Көмекбайдың бет-жүзін көзінің астымен тағы бір мұқият бажайлай шолып шығады.
Рысты. Ал сонымен?
Көмекбай. Сонымен болса әлгі Ниетәлі «сболышпен» біржолата ат құйрығын кесісіп келіп отырмын. Әнеукүнгі мен коорперативке өткізген 2 машина картоп пен 6 тонна асқабаққа, 3 машина қауын-қарбызға – бәріне 120 мың теңге беріп қарап тұр беті былш етпей!.. «Бары осы-ақ па, әлде…» десем, «Бары – осы, қалғаны транспорт шығынына, «перекупшиктерге», әлгі алыпсатарларға, салыққа, пәлен-пәштуанға кетті» дейді. Енді айтшы, өзің – кісіні тірідей тонау емей не осы?! Кеттім боқтап-боқтап! Құрысын бүйткен кооперативі де, серіктестігі де. Шығам бәрінен. Жалпы, бұл ауылдан қарамызды батырмасақ, бір күні аштан өлеміз. Кету керек. Түсіндің бе?