Қазақша ашылып сайрау - страница 4

Шрифт
Интервал


Рысты. Онда солармен, бастықтарыңмен, арпалыс та жүр осылай! Сөз бітті, точка, нүкте!.. Мен жылы орнымнан ешқайда қозғалмаймын. Көшу оңай дей ме екен? Жайына қарап жүрмей, үнемі осы істейтіні – басын бір дау-дамайға тығады да жүреді. Жүр ғой осы ауылдың сенен басқа адамдары әп-әдемі болып тып-тыныш.

Көмекбай. Сонда мына тап көз алдыңда жасалып жатқан әділетсіздіктерге, алаяқтықтарға, жемқорлыққа көзімізді жұмып жүре беруіміз керек пе бәріміздің? Адамшылық қайда, имандылық қайда? Әлде олардың бізге көк тиынға керегі жоқ па? Бүйте берсек, бұл ауыл бір күні сен айтқандай, әп-әдемі болып ішінен шіріп өледі. «Ауруын жасырған өледі» дегенді естуің бар шығар. Білдей онжылдықты бітірген сауатты адамсың ғой.

Рысты. Өлсе, өмірем қапсын. Сенің не шаруаң бар-ей онда? Айтшы!.. Ақыр аяғында енді жұрттың дұрыстап «спокойно» өлуіне де мұрша бермессің сен. Сен бе, сенен бәрі шығады! Қыршаңқы!..

Көмекбай. Мейлі, не десең, о де. Мен бәрібір шындықты айтпай тұра алмаймын. Өйткені мен айтпасам, солармен бірге мына біз де өлеміз іштей іріп-шіріп. Бүткіл қоғам іріп-шіріп, сасып кетеді.

Рысты. (Тұлданып). Сасыса, сасысын! Көппен көрген ұлы той.

Көмекбай. Бұл – құлдардың психологиясы. Ал құлдар мен құл иеленушілердің қоғамы әлдеқашан тарихтың бір қойнауында қалып қойған. Тіпті одан кейінгі феодализм дәуірінің де қарасы батқалы қашан. Ал, сені мен біз қай ғасырда өмір сүреміз, айтшы? XXI ғасырда! Дүние жүзіне демократия мен плюреализм кең қанат жайған гуманистік ғасырда!

Рысты. Әй, қойшы, сен осы «демократия-семократия» деп осы үйге апта сайын буат-буат болып келетін де жататын ана газет-журналдардан жаттап алған қияли сөздеріңмен адамның басын қатырмай! Осы газет-журналдар деген де бәле болып жабысты осы үйге! Ана Астана мен Алматыдағы еріккен журналистер қайдағыны қайдан тауып алып жазады да жатады. Шаршамайды екен өздері. Тамақтары тоқ, көйлектері көк болған соң, ерігеді ғой деймін. Тыныш жатқан елді дүрліктіріп!…

Рысты бірте-бірте өз позицияларынан айрыла бастағандықтан, үн-түнсіз қалған Көмекбайға төне түседі.

Рысты. Үсті-басы май сасыған мына тракторшыға – cаған – не керек, а, газет-журнал? Газет-журналды ана екі астанадағы – Оңтүстік пен Солтүстік астаналардағы – кім еді әлгі, жазушылар мен журналистер, академиктер мен сакадемиктер, ғалымдар оқысын! Олар сол үшін ақша алады үкіметтен. Ал саған не жоқ, ә?! Саған сол үшін ана жазушылар мен академиктерге төлегендей ақша төлеп жатыр ма біреулер?!