Көмекбай. Түһ, сен қайдағыны айтып кеттің өзі?! Жұрттың өсегіне еріп қарадай бүлініп. Өллә-біллә, Зибаш екеуміздің арамызда ондай ештеңе болып көрген емес сенсең.
Рысты. Сенбеймін мен саған. Сенсең дейді ғой маған ещё періште секілденіп. Әнеукүні мен «Қызылқайраттағы» Жарықбас қайнағаның құдалығына кеткенде үйге қонбапсың? Қайда жүрдің сонда? Өй, түрің құрсын сенің, түрің, жабайы мысыққа ұқсаған!.. Көздерін қараш жабайы мысықтың көзіндей ежірейіп кеткен.
Көмекбай. Оны саған кім айтты?
Рысты. Кім айтты дейді бұл ещё ұялмай, ә?! Кім болса, сол айтты! Сенен басқа жұрттың көзі жоқ дейсің бе? Бар, бар ғашығыңа, шеріңді тарқат. Ақ балтырына басыңды қойып, жыла көзіңнің сорасын ағызып. Бүлдіргі!..
Көмекбай. Әй, мен шерімді қатындарға ақтармаймын, білдің бе?!
Рысты. Бар, бар, кімге ақтарсаң да. Тек түн ішінде мас болып келіп, мазамды алма. Ана балаларыңның алды жігіт, қыз болып қалды. Тым болмаса енді солардан ұялсаңшы.
Көмекбай енді Құдай қосқан қосағының соңғы айтқан сөздеріне не уәж қайтарарын білмей орнына атып тұрып, төрдің алдында сәл-пәл состиып тұрып қалады да, сонан соң бәріне қолын бір сілтеп, киілгіштегі курткасын алып, есікті сыртынан тарс жауып, шоланда жатқан бәтеңкесін сірісінен баса-маса аяғына сұға салған күйі ауыл орталығындағы азық-түлік дүкеніне қарай бет алады.
№ 2 көрініс
Көмекбай азық-түлік дүкеніне келіп кіреді. Прилавканың ар жағындағы ақ борықтай әдемі келіншек Зибаш оны ескі танысындай жылы қарсы алады. Зибаштың үстіндегі шатырдай ақ халат пен басындағы аппақ қардай телпек оны одан сайын ажарландырып тұр.
Көмекбай. (Прилавкаға жақындай беріп, солғындау үнмен). Сәлем…
Зибаш. (Көздері жылыұшырай күлімдеп). Сәлем-сәлем!.. Немене, ауырып қалғаннан саумысың? «Настроениең» нәскиіңе түсіп кетіпті ғой.
Көмекбай. Жо-жоқ… Жай. Кішкене басым ауырыңқырап.
Зибаш. Әлде кеше біреулермен ішіп қойып па едің?
Көмекбай. Жоқ, қайдағы…
Зибаш. (Көмекбайға жақындай түсіп, сүйріктей аппақ саусақтарымен оның бетін аялай сипап). Сақалың да өсіп кетіпті. Тікенек-тікенек… Қырынып жүрсеңші! А то біртүрлі шал секілді болып барасың.
Көмекбай.(Ептеп көңілденіп, дүкен витринасының ар жағындағы қабырғада ілулі тұрған үлкен шарайнаға қарап). Қырынамыз ғой. Шынында да, шал секілді болып барам ба?
Зибаш. Ойнап айтам. Сен жігіттің сұлтанысың ғой, Элвис Преслиге ұқсайсың. Әйтпесе Зибаштың анау-мынау еркекке көз салмайтыны белгілі емес пе.