Айтқышын өзінің! «Пұлымберизм», «пұлымберизм» деп аузы жып-жып етеді ғой кісінің жынын келтіріп. О немеңнің мағынасы немене өзі? «Пұлымды бер», яғни, «ақшамды бер» деген сөз бе?
Көмекбай. Иә, сенің ойың тек сол ақша ғой. Ол қандай жолмен келіп жатыр – адал жолмен бе, арам жолмен бе – оған ешқашан басыңды қатырмайсың. Ал плюрализмге келетін болсақ, пікір алуандығы деген сөз ол. Былайша айтқанда, бастық Ниетәлінің айтқан сөзіне қара шаруа Көмекбай да, Рысты да өзінің қарсы уәжін айтуға хұқылы деген сөз. Әне, сонда ғана әлгіндей пікір алуандығынан қоғамда, мемлекетте шындық, әділет салтанат құрады.
Рысты. Атаңның басы! О заман да, бұ заман дүниеде қашан, қай қоғамда шындық пен әділет орнап, қой үстіне бозторғай жұмыртқалай қалып еді осы, а-а?! Сен оқыған тарихты мен де оқығам мектепте. Әне, оныншы класты бітірді деген аттестатым жатыр ана көк сандықтың ішінде ешбір кәдеге жарамай. Сенің кесіріңнен!..
«Қарындас, қарындас!..» деп ізімнен қалмай қойған соң, мен байғұс жыланға арбалған торғайдай сенің ізіңе еріп жүре беріппін ғой ештеңенің байыбына бармастан. Әйтпесе, тым жақсы бір жігіттер болған сөз де салған, көз де салған. Әйел деген қыз кезінде ақымақ болады екен ғой.
Көмекбай. Солай ма?!
Рысты. Иә, дәп солай!..
Көмекбай. Кімдер олар саған әрі сөзін, әрі көзін салып жүрген?
Рысты. Оны не қыласың?
Көмекбай. Білейік те біз де. Қанша айтқанмен сенімен жиырма жыл бірге тұрып жатырмыз ғой.
Рысты. Қойш әрі, кісінің басын қатырмай!
Көмекбай. Айпақшы, сенің жаңағы «атаңның басы» дегенің не сөз? Енді мені қойып, аталарыма ауыз салайын дедің бе? Олардың қандай жазығы бар?
Рысты. «Прямой» жазығы бар.
Көмекбай. Ал…
Рысты. Ал болса, дұрыстап тыңда, ал дейді ғой маған! Егер олар ештеңені бүлдірмей, жайларына қарап жүргенде бар ғой, тап сен секілді газет оқығыш, телевизор көргіш қияли, мәжігүн біреу келмейтін еді мына күнәһар өмірге. Сонда менің де, мына үйдегі шиеттей бес баланың да милары қатпас еді бүгінгідей.
Көмекбай. Айтатыныңды айтып болдың ба?
Рысты. Айтып болсам не қылайын деп едің?
Көмекбай. Ендеше маған 700-800 теңге бере тұр.
Рысты. Оны не қылмақшысың?
Көмекбай. Ішім алай-түлей болып барады бүгінгі мына Ниетәлі екеуіңнің маған жасаған қорлықтарыңнан кейін. Дүкенге барып, бір бөтелкі алып, шер тарқату керек. Біреумен.
Рысты. Көк тиын жоқ менде. Осы үйге сенің ақша әкелмегеніңе неше ай болды? Міне, бақандай үш ай балалардың жәрдемақысымен ілдәлап отырмыз. Шертарқату дейді ғой маған!.. Сенің-ақ шерің тарқап болмайды екен осы! Сылтаумен ана дүкенші қатын Зибашпен кездесуге асығып бара жатсың ғой өліп!.. Мен егер үстеріңнен түссем бар ғой бір күні, екеуіңнің де шаштарыңды жұлып қолдарыңа берем! Көр де тұр жұртты көзінше масқараларыңды шығарам! Сосын халықтың бетіне қалай ұялмай қарар екенсіңдер?! Тек қор болғанда үстеріңнен түсе алмай жүрмін ғой мысым құрып.