Күзгі романс - страница 3

Шрифт
Интервал


Сайлау. Әйтеуір Медеуде «Азия дауысы» фестивалі жүріп жатқан Жексен, Мұрат, мен – үшеуміз концерт көріп отырғанбыз. Стадионда. Бір кезде Жексен мен мұрат буфеттен сыра әкелуге кетті де, мен орнымызды біреулер алып қоймас үшін күзетте қалдым.

Назым. (Кекетіп). Әбден шөлдеп қалған екенсіңдер ғой!..

Сайлау. Күн ыстық болатын.

Назым. Саған сол сыраны қақаған қыста әкеп берсе де, бас тартпайсың. Білеміз ғой жайыңды.

Сайлау. Сен мені тыңдайсың ба, жоқ әңгімені осы жерден тоқтатайын ба?

Назым. (Кекетіп). Жо-жоқ, неге тоқтатасың, тоқтатпа, қызық жеріне жаңа ғана келе жатырмыз ғой.

Сайлау. Сонымен арасында сахнаға фестивальдің құрметті қонағы ретінде шақырылған Алла Пугачева шықты да, өзінің әлгі жиі айтатын әні бар ғой, «Күзгі романс» деген, соны орындай бастады.

Назым. Қандай-қандай?!. «Күзгі сүйіс» деген әні бар еді, мүмкін сол шығар… Так, сонымен…

Сайлау. Білмеймін, әйтеуір сол әнді Сюзанна «Күзгі романс» деп атайтын.

Назым. Сюзаннасы кім тағы?

Сайлау. Енді айтайын да…

Назым. (Ызалана мырс етіп). А-а-а, әлгі жалбыр шаш екен ғой! Сюзанна-мюзанна!.. Немене еді әлгі… Жаман иттің атын Бөрібасар қояды деп. О баста Салима ма, Сақыш па – әйтеуір сондай бірдеңе шығар. Сюзаннашылдарын өздерінің!..

Сайлау. Жоқ, паспортында да солай – Сюзанна…

Назым. Ім-м, паспортына дейін тексердім де…

Сайлау. Жо-жоқ. Бір рет аялдамада тұрғанбыз. Кісі көп. Соның арасынша троллейбус келіп қалда да, біздің кісілерді білесің ғой, жұрт бірін-бірі итере-митере есікке қарай лап қойды. Біреу Сюзаннаның сумкасын байқамай қағып кетті. Оның ішіндегілері жерге шашылып қалды. Сол шашылған заттардың арасында паспорты да бар екен. Мен шашылған заттарды жинастырып жүргенде, әлгі паспорттағы жазуға көзім түсіп кетті.

Назым. Шашылып қалған заттарына дейін жинастырып жүремін де. Менің заттарым шашылып қалса ғой, еңкеюге де ерінер едің. Ал қайдағы бір албастының заттары шашылса…

Сайлау. Сен біреудің арына тимей сөйлей алмайсың ба осы?!

Назым. Кімнің-кімнің?!

Сайлау. (Даусын көтеріп, орнынан ұшып түрегелді). Албастың не енді?! Ол да кәдімгі … Сен секілді… нормальный әйел…

Назым. Ойбай, мынау қайтеді-әй! Әй, сенің не қимаң қышып бара жатыр, а? Айтсам, мен сені емес оны айтып тұрмын ғой. Айтпақшы, осы жаңа сен не дедің?

Сайлау. Ол да сен секілді нормальный әйел дедім. Тіпті…

Назым. Тіпті?!. Ал сонан соң… Тіпті менен де артық демексің ғой. Кәне, жоғал, қараңды батыр бұл үйден! Қазірден бастап табаныңды жалтырат!.. Ойбай-ау, бұл бүгіннен бергісі аздай, тіпті дейді ғой маған!..