Қайда жүргенде… Қызықсың… Енді жүруге болмай ма?
Назым. Әй, сен бұлтағыңды қой. Одан да шыныңды айт, білдің бе!.. Кім ол?
Сайлау. Кімді айтасың?
Назым. (Күйіп кетіп). Әй, жаңағы күн көзінде жатып қалған шөмеледей сап-сары шашы жалбыраған албастыңды айтам!
Сайлау. Ол менің бір танысым. Досым…
Назым. Досым?! Сен кімді ақымақ қылып тұрсың?! О заманда бұ заман еркек пен әйелдің дос болғанын көрсем, көзім шықсын. Дос дейді-әй бұл!.. Саған дос болуға жарарлық бір еркек табылмады ма бұ дүниеден?.. Әлде мені мүлде жындандырғың келіп тұр ма? Қой, айналайын, менің сенімен жасырынбақ ойнауға уақытым жоқ. Айт шыныңды!.. Әйтпесе бар ғой…
Сайлау. Сенсең де, сенбесең де өзің біл. Біз ол екеуміз былтыр күзде танысқанбыз…
Назым. Былтыр күзде?!.. Ровно бір жыл болған екен ғой. Содан… Иә, айта бер. Мен сені мұқият тыңдап тұрмын. Сен енді бастаған екенсің, бәрін түк қалдырмай айтып шық. Дальше!..
Сайлау. Сен үшін соның бәрі соншалықты маңызды ма? Сол, таныстық…
Назым. Маңызды ма дейді-әй бұл кісіні күйдіріп!.. Егер мен басқа бір еркекпен тал түсте қолтықтасып, бір қаракөлеңке подъезге кіріп бара жатсам, саған маңызды болар ма еді, маңызсыз болар ма еді?!. Айтшы!.. Үндемейсің, ә!.. Ендеше, қазір менің алдымда түгін қалдырмай бар шындықты жайып сал! Бол!..
Сайлау. Онда ана залға барайықшы. Сонан соң айқайламашы, жарқыным. Мына көршілерден ұят-ты. Тіпті… кісінің жанын аласың ба?
(Сайлау аяқ киімін шешіп, залға қарай беттейді. Назым оны тап бастырмай өкшелеп келеді).
Назым. Ұялшағын бұның!.. Айқайлаймын. Білсін жұрттың бәрі сенің кім екеніңді!.. Әйтпесе, ол аңқау бейшаралар қайдан біледі сенің бір саусағын ішіне бүккен арамза екеніңді.
Сайлау. (Залдағы диванға отырып жатып, Назымға жалт бұрылады). Сен кісінің арына тимей сөйлесеңші! Кәдімгі адам секілді дұрыстап ұрсуға да болмай ма?
Назым. (Екі бүйірін таянып, Сайлауға жақындай түсіп). Мен саған дальше деп тұрмын ғой! Қалай ұрсуды сен маған үйретпе, білдің бе?! (Тістеніп). Дальше деймін мен саған!..
Сайлау. Дальше болса… Кәдімгі күз болатын. Сары ала жапырақтар жерге төгіліп жатқан. Дәл осы кездегідей, тамыз ба, қыркүйек пе, анық есімде жоқ…
Назым. Оны бағана айтқансың. Сары ала жапырақтар дейді ғой маған!..
Сайлау. Енді кісінің сөзі бөле бермесеңші! Өзі айт-айт дейді де…
Назым. Ойпырмай-ә?! Жарайды. Жалғастыр.