Күзгі романс - страница 6

Шрифт
Интервал


Сайлау. Сонда, сеніңше, Қазақстандағы бүкіл театрларды, ғылыми мекемелерді, тағы не еді… Иә, жоғары оқу орындарын, лабораторияларды – бәрін түгел жабу керек пе?

Назым. Іһ… Жапса несі бар екен?! Егер мен үкімет басшысы болсам, дәл солай етер едім! Мысалы, тап мына сенің орныңда Англиядан, как ни как Шекспирдің Отаны ғой, – бір-екі режиссер, драматург, ал ана сенің шуылдақтарыңның орнына Голивудтан бірнеше әртіс алып келіп, бәріңді түріп айдап шығар едім! Ал олар болса, Құдайға шүкір, өнерді де, нарықтық бәсекені де сендерден әлдеқайда жақсы біледі.

Сайлау. Үкімет басшысы болсаң, біздерді қоңыз тергізіп, қаңғыртып жіберетініңе шүбәм жоқ. Ал енді сонда ана жүздеген, мыңдаған ғылыми мекемелерді, онда істейтін қызметкерлерді қайтесің? Сен жалғыз театрда істейтіндерді ғана емес, жалпы, интеллигенция қауымын иттің етінен әрмен жек көресің ғой.

Назым. Оларды да түріп айдап шығу керек! Сендердің бәрің бір сорттансыңдар!.. Ал ғылыми мекемелерге, жоғары оқу орындарына келетін болсақ, олар жұмыстарын жалғастыра береді. Оларға біз ана Америка, Жапония, Англия, Франция,Сингапур, Қытай тағы да басқа алдыңғы қатарлы өркениетті елдердің ғалымдарын шақырып әкеп, орналастырамыз. Дамытсын қазақтың ғылымын!.. Ақшаларын төлейміз дұрыстап, ақша болса, бәрі болады, білдің бе?!

Сайлау. Түсіікті, түсінікті… Бірақ олар сенің ана жандосов пен Розыбакиев көшелерінің қиылысындағы жекеменшік дүкеніңнің ішіндегі заттар емес шығар.

Назым. Немене дүкен-дүкен!.. Біле білсең, сол дүкеннің арқасы шығар сенің осылайша талтаңдап жүргенің. Оны да мен аштым ғой талай чиновниктің есігін адақтап жүріп!.. Біреуін әкелеп, біреуін көкелеп. Қанша жүйкем, денсаулығым құрыды сол дүкенді ашқанша!.. Сен жүрдің шуылдақтарыңмен бірге анда-мұнда гуляйттап! Айтып отырмын ғой, сендердің бәріңді түріп айдап шығу керек деп! Сендер нағыз бүлдіргісіңдер!..

Сайлау. Сендерің кім сонда? Әлгі әртістер, ғалымдар, драматургтер, тағы кім еді, иә-иә, режиссерлер ме?..

Назым. Иә-иә, нақ солар!..

Сайлау. Ол енді қиындау болар. Оларды сен секілділердің талайы ғасырлар бойы қуғындап, бірақ ақыр аяғында түк шығара алмай, шаршап қойған. Айналаңа назар салшы, кімдердің ескерткіштері тұр біздің қаламыздың алаңдары мен скверлерінде, демалыс парктерінде?!. Бәрібір адамзатпен бірге мәңгі жасасып келе жатқан солар емес пе?