Шымылдық ашылғанда біз жаңағы бір-бірлеріне тіркестіре қойылған үстелдердің ортан беліндегі орындықтарда бір-біріне қарама қарсы жайғасқан Айдар Сейтқалиұлы мен Берікболдың шүйіркелесіп отырғанын көреміз. Ал Сәния мен Фараби дастарханды әртүрлі тағамдар салынған ыдыс-аяқтармен, тамақ жеуге арналған тағы да басқа қажетті ас приборларымен жабдықтау үстінде. Олар ыдыс-аяқтар мен ас приборларын ресторанның бірінші қабатындағы асханадан тасып жүр. Соған қарағанда жөндеу жұмыстары бірінші қабатта бітіп, ол енді екінші қабатқа көшкен секілді.
Берікбол. Айтпақшы, тарс есімнен шығып кетіпті, бүгін сіздің туған күніңіз екен ғой. Құттықтаймын!.. Сыйлығыңыз – мойнымда.
Айдар( қолын сілтеп). Өй, қойшы соны!.. Соған басыңды ауыртып қайтесің. Келгенің жаңа. Маған жасаған ең үлкен сыйлығың – осы… Өзіңді менімен жүздестіргенің. Айтпақшы, кездеспегенімізге қанша болды өзі?
Берікбол. Үш жыл болды ғой дейім. Айжамал тұрмысқа шыққанда келініңіз екеуміз келіп едік қой, ұмытпасам, наурызда. Әлде сәуірде ме екен?.. Әйтеуір ерте көктем болатын. Ал өздеріңіз елге келуді мүлде қойдыңыздар ғой.
Айдар. Мына заман бір алашапқан болып кетті емес пе. Әйтеуір мұрша жоқ, бір жұмыстан соң бір жұмыс итініп келет те тұрады… Сонымен келін, балалар тегіс аман ба?
Берікбол. Шүкір, аман-есен.
Айдар. Ауыл-аймақ?.. Ағайын?..
Берікбол. Олар да дін аман.
Пауза.
Бірлі-жарым кемпір-шалдар бар ғой енді о дүниелік болып жатқан. Айтуған ақсақал есіңізде шығар. Жуырда со кісі қайтты. Бата оқып бардық.
Айдар. (Мұсылманшылық салтымен бетін сипап). Иманды болсын… Жақсы кісі еді ғой.
Берікбол. Иә, алды кең, ағайынға қамқор, мейірімді адам болатын, Елде де қазір ондай шалдар қалмауға айналды. Қазіргі жұрттың обал-сауапта жұмысы жоқ, бәрі пайданың, дүние-мүліктің, ақшаның ізінде.
Айдар. Е, енді қайтесің. Заман солай ғой. Айтпақшы, Нұрлан қазір нешінші сыныпта оқып жүр?
Берікбол. Алдына тоғыз оқиды. Жігіт боп қалды. Бойы сорайып, қазір маған жетеқабыл.
Айдар. Мектепті бітірген соң бізге әкел. Егер грантқа түсе алмаса, ақшасын өзім төлейім. Оқытамыз.
Берікбол. Рахмет-рахмет. Осы Алматыға, Сіздерге әкелмей қайда апарамыз. Болаттың бірыңғай тестілеуден 95 балл жинағанын есітіп, бәріміз де қуанып жатырмыз. Келініңіз мәз, қайным оқуға түсетін болды деп. Мына ресторандарыңыздың да жөндеу жұмыстары аяқталып қалған екен, бәрі құтты болсын!..