Айдар. Бүгін сол Ботиктің тестіден аман-есен өткенін атап өтпекпіз. Оның үстіне менің туған күнім де бар дегендей… Мына жөндеу жұмыстары бітпеген соң, ешкімді арнайы шақырған жоқпыз. Екі-үш жолдасымыз «құттықтап барамыз» деп, Ұлжалғасқа өздері хабарласыпты. Қазір көп ұзамай келіп қалар. Айтпақшы, ауылда, «Бірлікте» бүгінде ел қалды ма өзі?..
Берікбол. Қазір онша қалып жарытпады-ау. Мықтаса, сол бір жиырма шақты отбасы болар.
Айдар.(басын шайқап, таңырқап). Ал бір кезде қалың ел еді, ә?.. Біздің бала күнімізде со «Бірлікте» құрығанда екі жүз-екі жүз елудей түтін бар еді ғой.
Берікбол. Иә, сол шама болатын.
Айдар. Баяғыда біздің ауылдың шалдары жаздыгүні киіз үйдің көлеңкесінде аузындағы насыбайларын шырт-шырт түкіріп қойып: «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» деп отыратын жарықтықтар. Солар бәрін біледі екен ғой.
Пауза.
Айтпақшы, сұрауды ұмытып барады екем, Алтын тәтеміздің үйі қайда қазір? Сол «Бірлікте» ме?
Берікбол. Жоқ, о кісінің үйі де аудан орталығына көшіп келген. Бізбен көрші. Біздің үйдің жанындағы теміржол көпіріне барып тірелетін шолақ көше бар емес пе, со көшенің бойынан бір үй-жай сатып алған. Кенжесі Сырымның қолында.
Айдар. Е-е, солай де… Осындайда ойыңа қай-қайдағы түседі. «Бірлікте» Жарықбас деген шал болушы еді ғой, есіңде ме?
Берікбол. Неге есімде болмасын. Ол кісінің шын аты Аманкелді ғой. Біздің ауылдың әйелдері ғой Жарықбас атандырып жүрген. Басында үлкен тыртығы болатын. Жас кезінде көкпар тартып жүріп, аттан құлаған ба, сондай бірдеңесі бар әйтеуір…
Айдар.Солай ма? Мен оны білмейді екем.Әйтеуір жас әйелдер «Жарықбас қайнаға» деп сызылып отыратын. Үлкен де, кіші де, бәрі де солай атайтын еді ғой. Үйі ауылдың шетінде, дарияның дәл жиегінде-тін. Біз, ауыл балалары, өрістен қайтқан малды со кісінің үйінің қасынан қарсылап алатынбыз. Ұмытпасам, со кезде шалдың аудан орталығындағы интернатта жатып оқитын, бойжетіп қалған бір әдемі қызы және сегіз-тоғыз жастар шамасындағы құлағы қалқиған, көздері алақандай, бадырақ көз бір қара баласы бар еді. Қысы-жазы маңдайына қызыл жұлдыз қадаған бір әскери сұр пилотканы басынан тастамайтын.
Берікбол. Иә, есімде…
Айдар. Со бала олай өтсек те, былай өтсек те, сарайдың төбесіндегі үйілген пішеннің үстінде қала жақтан келетін айдау қара жолға қарап, шоқиып отыратын да қоятын. Ұмытпасам аты Қасымбек болу керек. Иә-иә, Қасымбек… Біз оған әдейі не дер екен деп: «Әй, Қасымбек, кімді күтіп отырсың?» десек, ол үнемі «Тәтемді күтіп отырмын да» деген бір ғана жауап беретін. Сонда тәте деп әлгі қалада оқитын әпкесін айтады-ау деймін. Әйтеуір таңертеңнен кешке дейін шөптің үстінде шоқиып отыратын да қоятын.