Иә, Нұрсұлу дұрыс айтады. Тойболды, менің Алматының ең атақты ұмытшағы екенімді білесің ғой, мына портфельді қабыңмен бірге көрнекті бір жерге қойшы. Оның ішінде он күн бойы көз майымды тауысып жасаған кафедраның бір жылдық есебі бар. Қайтарда ұмытып кетіп жүрмейін, есіме саларсың.
Тойболды. (портфельді алып жатып) Құп болат, Сұлтеке! Қазір мен бұларды құтты орындарына қондырайын…
Тойболды портфель мен қапты алып кетеді.
Айдар. Ал, Сұлтеке, енді былай… дастарханға қарай жақындайық.
Ұлжалғас. Иә-иә, дастарханға… Бәріміз…
Сұлтанбек. Жоқ, Айдаржан, егер рұхсат болса біз мына жөндеу жұмыстары жүріп жатқан ресторандарыңның ішін көріп шықсақ…(Нұрсұлуға). Нұрсұлу, қалқам, сен бұл ұсынысқа қалай қарайсың?
Нұрсұлу. Дұрыс-дұрыс, Сұлтанбек Ертуғанович! Жақсыны көрмек үшін деген, көрейік. Ал ішіп-жеуге, Құдайға шүкір, әрқашан үлгереміз ғой.
Сұлтанбек(Айдарға). Ал рұхсат па, қожайын?
Айдар. Әрине, Сұлтеке!..
Нұрсұлу. Онда кеттік…
Бәрі ресторанның ішіне еніп кетеді. Сахнада тек Сәния мен Фараби қалады.
Сәния. (Фарабиге) Бай болған қандай керемет,ә?!. Ішіп-жем – мол, астыңда – былқылдаған шетелдік қымбат авто, (қолын екі жаққа құлаштай жайып) достарың – пішен!.. Жүресің дүниені шайқап. Қандай рахат, ә-ә?!
Фараби. Оның несін сұрайсың, белгілі жайт емес пе.
Сәния. Сонда да дегенім ғой. Мысалы, мына сенің бай болғың келе ме?
Фараби. Әрине. Кімнің бай болғысы келмейт.
Сәния. Ол рас. Менің де бай болғым келет. Бай болғанда да анау-мынау емес, супер бай болғым келет!.. Өмірге бір-ақ рет келеді кенсің, ендеше мына дүниені олай да былай шайқап өту керек қой, ә-ә, Фараби?! Солай ма?..
Фараби. Солай шығар…
Сәния. Солай шығар емес, дәл солай! Бірдеңені айтқанда сен осы неге нақты, дәлме-дәл, қадап-қадап айтпайсың?! (Фарабиды пародиялап). Сөл-ә-й шығар, сөл-ә-й шығар…
Пауза.
Фарап, осы қалай баюға болат, а-а? Айтып тұрмын ғой, ана Айдар Сейтқалиевич пен Ұлжалғас Көпбаевна секілді менің де шіріген бай болғым келет деп. Және кейін емес, тап осы қазір, дәл қазір байығым келет!.. Айтшы, а-а, қалай баюға болат?!
Фараби.Сен де қызықсың! Соны білсем, мен өсітіп даяшы болып жүрем бе?
Сәния. Ал мен білем!.. Аяқ астынан байып шыға келу үшін, мәселеңки, мына маған немедленно бір бай жігітке күйеуге шығып алу керек!
Фараби. Онда неге сүйтпейсің?
Сәния. Эх, Фарап-Фарап!.. Жасың бақандай он тоғызға келді, қалай түсінбейсің осындай қарапайым нәрселерді? Ондай супер күйеуді маған аяқ астынан кім тауып бере қояды, а-а, айтшы?! Ол үшін адамға бақ қону керек, бақ! Енді ұқтың ба?