Жарғақбас, Қылкеңірдек, Шибұттың шым-шытырық хикаялары - страница 2

Шрифт
Интервал


Ал, балалар, біз олардың қызықты шым-шытырық хикаяларын сендерге баяндап, барымызды бөліскіміз келеді.


Аттракциондағы арпалыс


Балалар, халық аузында мынандай шағын ертегі бар екенін бәрің білесіңдер:

Ертеде Жарғақбас, Қылкеңірдек, Шибұт деген үш ұры болған екен. Бір күні олар ұрлыққа аттаныпты. Көздеген жеріне жеткен соң, ауылдың жатқан-жатпағанын бақылап, шолып келу үшін, олар біреуін жібермек болыпты.

Қылкеңірдек жанындағы серігіне:

– Ал, Жареке, ауылдың жатқан-жатпағанын бақылап, шолып келу үшін бұл жолы сен барып келесің бе? – дейді.

Жарғақбас орнынан тұрады:

– Барсам барайын. – Қолындағы қапшығын Шибұттың алдына қойып, қолына түкіреді. – «Күн жаз, ет аз» деген, нартәуекел!

Ол жөнеп береді. Жота басына шыққанда, ар жағынан ауыл оттары көрінеді. Етекке түсіп келе жатқанда, оның айға шағылысқан жарғақ басын жарық көзі деп қалса керек, бір жәндік айналшықтап шықпайды. Ол айналып-айналып келіп, Жарғақбастың жылтыр басына қонады. Жарғақбас қолымен жасқап, оны ұшырып жібереді. Жәндік шыркөбелек айналып-айналып барып, Жарғақбастың маңдай тұсына тағы қонады. Басы жыбырлап, ыза болған Жарғақбас «Тпу, иттің баласы!» деп, балғадай ауыр қолымен жәндікті өлтіремін деп басына бір қояды. Шытынап тұрған жарғақ басы қақ жарылып, өзі кескен теректей «гүрс» құлап, сол жерде жан-тәсілім етеді.

– Бие сауымдай уақыт өтті. Бұл сорлы қайтпады ғой, оған не болды екен ә? – деді Шибұт тыпыршып.

– Иә, қатты кешікті. Сен барып жағдайын біліп келші.

– «Баланы іске бұйыр, соңынан өзің жүгір» деген осы. Барсам барып келейін.

Ол орнынан тұрып, қолындағы заттарын Қылкеңірдектің жанына қояды да, өзі жорта жөнеледі. Қыр асып, Жарғақбастың ізімен жүріп келе жатқанда, шөп арасынан серігінің басы жарылып өліп жатқаны үстінен түседі. Шибұт шошып:

– Астапыралла! Қа-ап!!! – деп, екі қолымен санын бір соққанда, шидей аяқтары «шарт» сынып, ол да сол жерде сеспей қатады.

Қылкеңірдек Жетіқарақшы жұлдызына қарап тұрып:

– Міне, ет пісірімдей уақыт өтті, екеуінен де хабар жоқ. «Қойшы көп болса, қой арам өлер» дейді, бұлар іс тындырып жарытпас, өзім барайыншы.

Ол орнынан тұрып, жердегі қапшық пен жүгенді иығына артып, серіктерінің соңына түседі. Қырқадан асып, із кесіп келе жатқан ол шөп арасынан екі серігінің тырапай асып, өліп жатқанын көреді.

Қылкеңірдек қатты шошып:

– Ой-ба-ай!!! – деп, бақырып қалғанда, қылдай кеңірдегі түйіліп, «бырт» етіп үзіліп, ол да сол жерге «гүрс» құлайды.