– Малтүгел үйінен шығып қалып, масқара болып жүрмейміз бе?
– Қорықпай-ақ қойыңдар, – деді Шибұт. – Малтүгел қазір Қой-бағардың үйінде қонақта. Әне, үйінің терезесінен де от көрінбейді. Кәне, еріңдер соңымнан, – деп өзі аршылған қуысқа сүңгіп кетіп еді, қалған екеуі де жан-жақтарына қарап алып, Шибұттың артынан ілесті.
Бір уақытта жаңағы қуыстан бірінен кейін бірі тайыншадай-тайыншадай үш қошқар атып шығады. Қошқарлардың үстінде әлгі үшеуі. Шаңырақтай мүйіздерінен қатып ұстап алған. Қошқарлар арқаларындағы желімдей жабысқан бәледен құтылмақ болып, мөңкіп-мөңкіп көкке шапшиды. Аяқтары жерге тигенде, мүйіздері бір-біріне «тарс-тұрс» соғылады. Түнгі дауыс қатты жаңғырығады. Иттер жан-жақтан арсылдап, ауылды басына көтереді.
– Ал, сайыпқырандар, – деді Шибұт. – «Қашпақ болсаң зымыра» деген. Қошқарлардың басын мына жаққа, ауыл сыртындағы жыңғыл тоғайға бұрыңдар. Бізді иттердің өзі әспеттеп шығарып салмақшы. Әйт, чу! Үррит деген!
Айтқандай-ақ, ауыл иттері де жан-жақтан арсылдап-әупілдеп, ке-ліп қалып еді.
– Иә, баста, әйт, шу-у, тұлпарым! – деп Жарғақбас қолыңдағы шыбықпен қошқардың құйрығынан салып қалады. Қошқар ытырылып алға ұмтылады.
– Мына иттерге жеткізбей құстай ұш, сұңқарым! – деді Қыл-кеңірдек те артына қарап.
Бұл дүрбелеңнен екі-үш үйдің терезелері жанып, бір-екі үйдің есіктерінен адамдар да атып шыққан. Ал біздің сайыпқырандар қой арқасына кенедей табысып, мүйіз-рөлдеріне тастай жармасып, қараңғылыққа сүңгіп барады. Тек Жарғақбастың қазандай басы ғана ай жарығына шағылыса жарқырап, қой үстінде жоғары-төмен теңселеді. Түнгі қараңғылыққа аққан жұлдыздай сіңіп барады…
***
Үшеуі үйлеріне сүйретіліп жетіп, төсектеріне сұлай-сұлай кеткен. Содан күні бойы ұйқы соғып, түс қайта бір-ақ оянды
– Ту-у, күн екіндіге дейін сеспей қатып ұйықтаппыз ғой, – деді
Шибұт басын ұстап. – Денем құрысып, басым шарадай болып тұрғаны. Қошқарлармен түнімен сүзісіп шыққанмын ба, қалай?
– Сенің басың шарадай болса, менің басым қандай болғаны? – деп күлді Жарғақбас. – Менің де денем құрысып, кәдімгі түнімен көкпар тартып шыққандай болып тұрмын.
– Бірің қоймен сүзісіп, екіншің көкпар тартсаңдар да, кәне, жиналыңдар! – деді Қылкеңірдек. – Тоғайдағы жыныс-қамалымызға тезірек барайық. Кешегі қойларымызды күн батпай сойып алайық.
Үшеуі жол қапшықтарына керек-жарақтарын салып, арқаланып жолға шықты. Жыра-жықпылдың, ну шалғынның арасымен жүре отырып, ағаш арасындағы жасырын мекендеріне де жетті. Қоршау ішінде кешегі қойлары жайылып жүр екен. Үшеуі артынып-тартынып қораға кіре бергендері сол еді, арттарынан: «Баукеспелер, тоқтаңдар, қолдарыңды көтеріңдер!» деген дауыс шықты. Үшеуі көздері бозарып, қолдарын көтеріп, арттарына бұрылып еді, мал иесі Малтүгел мен Қойбағарды және қару кезенген екі полицейді көрді.