Қанатты сөз – қазына. 2-кітап - страница 2

Шрифт
Интервал


Сый-құрметің, сыбағаң үзілмесін, қарым-қатынас жасап тұр деген мағынада ұғынылады.

А

АБЫЛАЙ АСПАС АСУ

(Екінші нұсқа) *


«Абылай хан „Жайыл қырғынын“ жасаған соңғы жорығында қазақ пен қырғыздың нақты шекара сызығын белгілеп, ащы ішекше созылып бара жатқан қоныс дауын түбегейлі шеше алды. Бұл жөнінде Халел Досмұхамбетов « Кенесарының соңғы күндері» атты шығармасында:

«Қонысқа таласып қырғыздармен де бір мезгіл соғысты. Ақы-рында қырғыздармен келіс қылып, жердің шегін айырды. Алатаудың қыры екі ағайынды жұртқа шекара болды. «Абылай аспас асу» деген сөз сонан қалды» (Х. Досмұхамбетов. «Кенесарының соңғы күндері» 1994. Жалын. №9 – 10) дейді». (М. Исахан, Р. Оразов,50.29.10.2009.).

«Абылай аспас асу» дегеннің мағынасы, бұл асу шекара, одан Абылай ханның өзі аса алмайды, оның ар жағына Абылайдың бұйрық-өкімі жүрмейді деген сөз.


АДАЙДЫҢ БЕЙІТТЕРІН КӨРГЕНДЕ ӨЛГІҢ КЕЛЕДІ


«Кіші жүз ру-тайпаларының арасында, әсіресе, адайлар арасында бейіт соғу, мола салу, құлпы тас орнату дәстүрі айрықша дамыған. Үстірт үстіндегі, Арал төңірегіндегі байтақ қорым-пантеондар қазақ-тың молалық-сәулет өнерінің озық үлгілері болып табылады. Әйгілі тұлғаларды даралап жерлеу, сын тастарды әулет-ата мен ру-тайпа бойынша көшелеп орнату, қыз-келіншектерге оқшау шоғыр етіп там соғу сияқты ежелден бастау алған дәстүр назар аударарлық.

Қарақалпақстанның Қоңырат ауданындағы Дәуіт ата қорымында адай қыз-келіншектеріне бірінен-бірі әсем ақшаңқан күмбездер шоғыры бөлек соғылған.

Мұндай молалық – сәулет өнерінің үлгілерінен байырғы наным-сенімнің белгілерін айқын байқауға болады. Жергілікті ұлутас сияқты құрылыс материалдары дәстүрлі наным-сенімді айрықша кие тұтып, адам ықыласының заттана көрініс табуына мол мүмкіндік берген». (А. Сейдімбек, 93. 626-бет).

Бұл сөз тіркесі бір жағынан адайлардың бәсекелестікпен салынған бейіттеріне таңданысты байқатса, екінші жағынан өзінің де басына осындай бейіт орнар ма екен дегендей аңсарлы ойды жеткізеді.


*«Қанатты сөз-қазына», 1-кітабын қараңыз.


АДАМ – ӘРІ ЖОЛ, ӘРІ ЖОЛАУШЫ


«Сопылар „адам – әрі жол, әрі жолаушы“ дейді. Кез келген адамның жетістік әрі қателіктерімен өзі басып өтер өмір жолы бар. Ол – соның жолы, яғни адамның өзі – жол. Сонымен бірге отырсаң да, тұрсаң да, ұйықтап жатсаң да, сен бұл пәниге уақытша келген жолаушысың. Бәріміздің баратын, тоқтайтын межеміз – бір. Сон-дықтан өлетін-өлмейтін кезін пенде білмейді. Бұл бір Аллаға аян». (Б. Момышұлы, 15.71-б.)