Қанатты сөз – қазына. 2-кітап - страница 3

Шрифт
Интервал


Иә, әр адам өзінше жол, артында отбасылық, ел ішілік өмір қолтаңбалары қалады. Атқарған еңбек нәтижелері, шығармашылық, ғылыми еңбектері қалады дегендей.

Сондай-ақ Б. Момышұлы айтқандай әр адамның өз жолы, өз тағдыры бар, яғни, әр адам өзінше бір жатқан жол. Ол жолды қанша қаласа да басқа адам қайталай алмайды, сүре алмайды. Сондай-ақ әр адам аумалы-төкпелі, ащылы-тәттілі өмірдің, тағдырдың иесі, ұзынды-қысқалы шым-шытырық өмір жолының жолаушысы. Оны басқа адам қанша қаласа да алмастыра алмайды. Адамның әрі жол, әрі жолаушы болатыны, адамдардың бір-бірін құрметтеп, бағалап, жолдарын қия кеспеуі тиістігін осылайша ұғындырып тұр емес пе.


АДАМЗАТТЫҢ БӘРІН СҮЙ БАУЫРЫМ ДЕП


«Абай гуманистік көзқарасты насихаттады. Ол адам атаулы жаратылысында бірдей деп қарады. Өзін өзгеден артық санай-тындарды сөгіп, „менімен сен тең бе деп мақтанасың, білімсіздіктің белгісі ол баяғы“ деді „Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп“; „Атаның баласы болма, адамның баласы бол“ дейді. Ол жалпы адамзатты түгел сүюге және оларды тең көруге үндейді, өте-мөте ауыр азап арқалаған мазлұмдарға* жанашырлық істеп, іш күйдіруді дәріптейді. „Мазлұмға жаның ашып, ішің күйсін, қаракет қыл, пайдасы көпке тисін“ дейді». (М. Қани,55. 348-б.).

«Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп». Былайша айтқанда, өз туғаныңмен, бауырыңмен қандай қатынаста болсаң, өзге адамдармен де сондай қатынаста бол деген ойды жеткізіп тұр. Абайдың үлкен гумманист ақын екені осы сөзінен-ақ аңғарылып тұрғандай.


АҒАЙЫННЫҢ АТЫ ОЗҒАНША,

АУЫЛДАСТЫҢ ТАЙЫ ОЗСЫН


«Жазда болатын ас-тойлардың бір қызығы бәйге. Жүйрік аттары жорғаларын, сәйгүліктерін баптап жарататын. Аты бәйгеден келген қазақтың қуанғаннан төбесі көкке жеткенддей болады. Ондағы бәйгеге келген жүлде емес (кейбір астарда бірінші бәйгеге жүз қараға дейін, кейде одан да көп жүлде тігілетін) – атағы. Жүлдеден ат иесі өзіне ырымға деп бірдеңе алып қалғаны болмаса, негізі оны ауылдастары, туған-туысқандары, жолдас-жораларына бөліп беретін. « Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деген мақалдың шығуына осы дәстүр де себеп болуы мүмкін. Бұл- қазақтың ұлттық мінезінің бір көрінісі». (С. Қалиев, М. Оразаев, М. Смайылова, 57.104-б.)

Бұл мақал ауылдасқа, көршіге, дос-жаранға деген тілектестік ниетті білдіру, байқату үшін айтылады.


АҒАЙЫН ТАТУ БОЛСА АТ КӨП,