Яғни, сиыры, сауын малы бар үйдің бағы бар дегенді білдіреді. Бір сиыр бір үйлі жанды, тіпті артылып бара жатса, көрші-қолаңды ақпен жарылқап, сүтін сатқанның өзінде тиын-тебенін айырып, күн көрісіне сеп болмай ма.
АЗДЫҢ АТАСЫ БІР
«Ұрпақ сабақтастығы ұзарып, түпкі атадан өрбіген үрім -бұтақтың арасы бірнеше буынға ұласады. Алайда, ұрпақ қаншалықты өсіп-өнсе де өзінің этнотегін, әсіресе, түпкі атасын ұмытпайды. Сөйтіп, бірнеше ауыл құрайтын жеті атаға дейінгі әулеттер жиынтығы аталастар ретінде айғақталады. Аралары жеті атаға толған аталастар өзара қыз алысып, қыз беріскенімен, өмірдің бір қуаныш, бір өкініш сәттерінде бір-біріне қарайлас болып отырады. Ал, дәстүрлі өмір-салтта болып тұратын жұт, індет, жаугершілік сияқты нәубеттер салдарынан селдіреген аталастар, әдетте түпкі ата-тегін тірек ете отырып, өзара қайтадан кіріге түсетін болған. «Аздың атасы бір» деген мәтел сөзің мәнісі осында. (А. Сейдімбек, 93. 132-б.).
Адамдар өзара күш біріктіріп, қорғаныс, шабуылға дайындалғанда немесе бір іске жабыла жұмылғанда, «Аздың атасы бір» деп, осы мәтелге жүгінген. Яғни, «бес саусақ біріксе, бітпейтін іс жоқ» дегендей мағынаны береді.
АЗ ТАМАҚҚА БАУЫРШЫНЫҢ КЕРЕГІ ЖОҚ
«Бауыршы – ХIV-ғасырларда Дешті —Қыпшақ үлкен мәжіліс-терінде ет турауға шебер, ұста адамдарды арнайы ұстаған. Бұларды „бауыршы“ деп атаған. Ибн Баттута саяхатнамасында Өзбек ханның мәжілісінде болғанда, бұл туралы былай деп жазыпты: Мәжілістер болғанда бауыршылар келеді. Бәрі арнайы жібек киім киіп келеді. Олар етті ұсақтап турайды. Ет тураудың нағыз майталмандары», – дейді.
Бауыршы ескі түркі тілінде бар сөз. Қазақта «Аз тамаққа бауыршының керегі жоқ» деген мақал бар». (Н. Құлмаханбетова, 52. 221-б.).
Аз іске, шағын шаруаға көмекшінің, артық адамның қажеті жоқ, өзім-ақ тындырамын деген мағынада ұғынылады.
АЙБИКЕ АУЫЛЫНА ҚОНҒАНША,
НҰРБИКЕНІҢ КӨШІП КЕТКЕН ЖҰРТЫНА ҚОН
«Шежіре деректерінде арғын ішіндегі Қаракесектен (Болатқожа) өрбіген аталардың бірі – Шаншар абыз. Шаншардың Қызбике (Қызданбике деп те атайды), Айбике, Нұрбике деп аталатын үш әйелі болған. Қызбике ұрпағы селдір, өсіп-өне қоймаған. Айбикеден – Келдібек, Тыныбек, Есіркеп, Жәнібек туып, «төрт бек» атанып, олардың жеті ұрпағына дейін билік пен бектік дарыған. Мәселен, Келдібек, Қазыбек, Бекболат, Тіленші, Алшынбай, Мәди – бұлар исі қазаққа әйгілі тұлғалар.