Осы кезде үйден шешесі шықты. Ол жұмысынан түстікке келген болатын. Сол бойы Гүлмінезді іздеп таба алмаған. Оны бақша ішінен көрді де, жанына келді:
– Апыр-ай, сені іздемеген жерім қалмады! Сумкаң үйде тұр да, өзің жоқсың. Қайда жүрдің осы уақытқа дейін, құлыным-ау, не істеп жатырсың?!
Қызы оған көңілді жауап берді:
– Қарашы, анашым. Мына әдемі бәйшешектерді адырдан қазып алдым. Біздің Жамал апай айтты: «Табиғатты қорғау керек» деп.
– Сен оларды қорғаудың орнына, өсіп тұрған жерінен үзіп әкелдің ғой…
– Иә, міне қарасайшы, тамырлары бар. Қайтадан отырғызып жатырмын. Мен бұларға су құйып, күтетін болам. Әйтпесе, далада оларға ешкім қарамайды. Сосын ғой, жазға жетпей қурап қалады.
Шешесі мырс етіп күліп жіберді де, іле салмақты күйге ауысып:
– Сен дұрыс жасамадың, Гүлмінез, – деді. – Табиғатта не нәрсе-нің болсын өз орны, өз заңдылығы бар. Бұлар – бәйшешектер, көк-темнің хабаршысы. Ерте гүлдейтіні де содан. Бұлар қурағанмен, орнын басқа гүлдер басады. Сонысымен де қымбат. Мына гүлдер қай жерде гүлдесе, сол жерде ұрық шашып, ендігі жылы тағы өніп шығар еді. Ал, сен, оларды бұл гүлзарға білместікпен зорлап әкелдің. Егер Жамал апайыңнан «табиғатты қалай қорғаймыз?» деп сұрап алғаныңда, бұл іс болмас еді.
Гүлмінездің жүзі қызарып, төмен қарады. Шешесі қызының шашы-нан сипап:
– Бұларды енді осы орнынан қозғамай-ақ қой. Екінші рет қателік жасамауға тырысасың. Жүр үйге, тамақ суып қалады, – деді.
Ол ілбіп басып, шешесінің соңынан ерді. Сөйтсе де оның сана-сында «табиғатты қалай қорғаймыз?» деген сырлы сауал жаңғырықтай тағы қайталанды. Осыны келесі сабақта апайынан сұрап алуға бекінді.
Жамал апай шәкірттерін ерекше көзқараспен барлап өтті.
– Үйге берілген тапсырма не еді? Кім айтады?
Үшінші қатардағы екінші партадан Әсиягүл мен Қамаш жары-са ұшып тұрды.
– Абай Құнанбаевтың «Қыс» өлеңін жаттап келу, – деді қағілез Әсиягүл.
Жамал апай сынып ішін асықпай қайта сүзіп шықты. Жәудір көз-дерден ынтазарлыққа толы төзімділікті аңғарды.
– Ал, кәне, кім дайын? – деді ол сабырлы қалпын өзгертпестен.
Балалар шулап қоя берді: «Мен айтайыншы! Мені шығарыңызшы, апай!»
– Жарайсыңдар! – деді Жамал апай масаттанып. – Қуаныш-тымын. Сонда да тәртіпке келейік, балалар, тынышталыңдар! Сендерді журналдағы тізіммен шақырайын. Сөйтсек, әділ болады, жарай ма?
Ұстаздарының сырын білетін шәкірттер құйын желпіп өткен құрақ-тай қайта тына қалды.