– Беймәлім ұшатын объект! – деді Нар таңғалысын жасыра алмай көзін бақшитып.
– Тура біздің төбемізге ұшып келеді! Тез жасырынайық! – деді Ер де алаңдап.
– Олар біздің алаңға қонбақшы!.. Жүріңдер, бауырлар, ана бұта-ның тасасына барып, білдірмей бақылайық, – деді Би енді сабасына түскенін байқатып.
Үшеуі еңкейе жүріп, жылдам басып, итмұрын бұтасының артына жасырынды. Көздері жыпылықтап, жапырақтардың арасынан әлгі «тәрелкені» бақылай бастады.
«Тәрелке» айтқандай-ақ, дәл төбеге келіп «тоқтап», астынан төрт аяғын шығарып, жайымен лифт сияқты төмен сырғыды да, алаңның ортасына келіп жайымен қонды. Бүйіріндегі есігі ашылды. Ішінен адам кейіпті, жылтырақ киімді, төбелерінде антенналары бар үш гуманоид шықты. Олар ескерткіштің алдына барып, жан-жағынан байыппен қарап, монументтегі батырларды фотоаппарат сияқты құралдарымен түсіре бастады. Кенет біреуі ескерткіштің түбіне төртбұрышты бір затты қойды да, содан шыққан шұбатылған сымды кемелеріне тартты.
– Ой, олар біздің ескерткіштерімізді жарып кетпекші! – деді Нар кенет үрейленіп. Осы сөздің сиқыры әсер етті ме, бойларын билеген үрей сап тиылып, оның орнын бір орасан күш құрсай жаулап, үшеуі де батылданып кетті.
– Жо-оқ! Біз оған жол бермейміз! – деді Ер орнынан атып тұр-ып. – Кәне, қылыштарың мен қалқандарыңды алыңдар! Алға, бау-ырлар! – үшеуі қаруларын жарқ-жұрқ еткізіп, жүздері сұстанып, аяқтарын нық, батыл басып, алаңға жетіп барды.
– Тоқтаңдар! Қозғалмаңдар! – деп олар айбат шеге алға жылжыды.
Гуманоидтар сол тұрған жерлерінен қозғалмай, балаларға таңдана қарады.
– Анау аспаптарыңды жинап алыңдар! Біздің бабаларымыздың ескер-ткіштерін қопарып, жойғалы тұрсыңдар! Біз жарғызбаймыз! – деді Ер өткізгіш-сымды ұстап тұрғанына төне түсіп.
– Ә-ә, – деді олар балалардың ойын түсіне қойып. – Қорық-паңдар. Біз ескерткіштеріңді жарайын деп жүрген жоқпыз.
– Онда мыналарың не?!
– Бұл өткізгіш қой. Кемедегі аппаратқа жалғап, ескерткіштің жалпы табиғатын зерттейік деп едік.
– Иә, обьектілердің адамдарға тигізер әсер-ықпалын ұғайық деп едік.
– Ә-ә, онда зерттей беріңіздер, – деді балалар сабасына түсіп. – Сіздер кімсіздер? Қайдан келдіңіздер? Не мақсатпен жүрсіздер? Біз де сіздер туралы білгіміз келеді.
– Біз сіздер «Үркер» деп атайтын шоқжұлдыздар жүйесінен келдік. Яғни, үркерліктерміз. Ал, мақсатымыз – сіздер, жерліктер тұрғызған мына сияқты ерекше құрылыстар мен монументтердің мән-мақсаты мен табиғатын зерттеп -түйсіну. Сөйтіп жерліктер туралы жан-жақты мағлұмат жинау.