СОҒАДЫ ТУЛАП ЖҮРЕГІ. ӨЛЕҢДЕР - страница 6

Шрифт
Интервал


Кезінде біреулер бұл маңайды игеріп, жаңарту жұмыстарын бастамай жатып, тастап кетсе керек. Содан бері де 10—15 жылдың жүзі болыпты. Көл, жағажай дұрыс пайдаланылмағандықтан, қаладан да күй кеткенге ұқсайды. Жергілікті халықтың наразылғы шексіз, бірақ өкпе-назын кімге айтады? Бәрі сатылып, жеке меншіктің иелігіне өткен. Алайда Мемлекет тарапынан бір ықпал етудің кезі келген сияқты. Екінші мәселе – санаторий аумағындағы қарағайлы орман іші де қоқысқа толы, көптен дұрыстап тазартылмағаны байқалады. Бәрінен де Шипажай төңірегіндегі ескерткіштердің келеңсіз кейіптерін, әсіресе, қазақтың «аққан жұлдызы» Шоқанның бейнесін көргенде еріксіз көңіл жүдеп, мына бір шумақтар ойға оралған еді. Соларды осы бір қысқа ой-түрткімізге қоса беріп отырмыз:

Ұрпағы хан Абылай ұлы Шоқан,
Елінің жұлдызы боп ерек туған.
«Жерұйықтың» қалыпты қоқысында,
Ешкім жоқ бұл жағдайға мойын бұрған.
Өн бойы жарық-сызық, қолы сынық,
Үсті – басын шаң басқан, маңы былық.
«Қалайша мені ұмыттың, азат елім?» —
Деген ой мазалай ма, жүзі суық.
Кезінде болған әсем бұл ескерткіш,
Байқалады бойынан бір тылсым күш.
Бүгінде сәні кетіп, тұр мұңайып,
Қияннан құлағандай Самұрық құс.
Омбыда кадетте оқып, ойы толған,
Әскери білім алып, сардар болған.
Намысы үшін елінің жас ғұмырын
Өткізді күреспенен таймай жолдан.
Ұл туар ма қазақта одан асқан,
Ерекше зерек болған бала жастан.
Зиялысын әлемнің селт еткізді,
Соны ілімі Шоқанның кезінде ашқан.
Еңбегі бостандыққа болған себеп,
Арылдық бодандықтан Тәңір жебеп.
Азаттыққа жол ашқан асыл ерге
Бас иелік, халайық, етіп медет.
Ағайын, уақыт бар ма ойланатын,
Алаң болып әрнеге толғанатын.
Игілікті істерді алда тұрған
Кез емес пе бүгінде қолға алатын.
Жаратқан жомарттықпен бере салған
Тазартып көлін, жерін сол аймақтың,
Щучьені Шоқанға ауыстырып,
Ескерткішін жаңартып әсемдесек.


Табиғаты сұлу боп жаратылған
Шоқанның мекені бұл дара туған.
Шучье сөзін Шоқанға ауыстырсақ,
Бүгінгі жас ұрпақпен қауыштырсақ,
Баянды іс болмай ма, қуанарлық.
Ағайын, осыны біз ойланайық,
Жағажайды жөндеуді қолға алайық.
Шипажайдың күтімі, емі жақсы,
Атауы да өзіне болсын лайық!
Ұлы ғалым, «аққан жұлдыз» Шоқанның,
Есімі берілсе Щучьеге,
Қуанар еді оған бар халайық.
2011 ж.

ДАЛАНЫҢ ЕРКЕСІ – ЕЛІНІҢ СЕРКЕСІ

(Тоқмағанбет Домаұлы – Тоқан Хазірет (1851—1916г г) Ереймен өңірінде есімі аңызға айналған ерек тұлға. Өмірден өткеніне бір ғасыр толса да, есімі ел жадынан өшкен жоқ.