СОҒАДЫ ТУЛАП ЖҮРЕГІ. ӨЛЕҢДЕР - страница 8

Шрифт
Интервал


Астана қ., 2013 жыл, 3 наурыз.

Садуақас Ғылмани және Мұраттың әкесі Мұсайбек Әбдірахманұлы (оң жақта) жақын жолдас болған. Мұраттан кейінгі туған іні-қарындастары- туғанда Садуақас Ғылмани өзі азан шақырып Капия, Қамат, Алмазия есімдерін қойған.

ҚҰТТЫ БОЛСЫН, ҚУАНЫШ!


(2015 жылдың 25 маусымында Мұратқа Сарыарқа әкімшілігінен қоңырау шалып, Мирзоян көшесінің Қ.И Сәтпаевтың есімімен аталуына арналған митингке шақырды және сонда сөз сөйлеуді өтінді. Ол өзінің ойын осы өлең жолдары арқылы жеткізді)

Уа, халайық, құтты болсын, қуаныш,
Ортамызға оралыпты нар Қаныш.
Есімі оның елордаға жарасып,
Қалар мәңгі ел жадында ұлы арыс.
Азат елде еркін өскен жас ұрпақ,
Мирзоянға жүруші еді таңырқап.
Қаныш ата іргетасын қаласқан,
Сезер енді тәтті дәмін болашақ.
Баянауыл ғалымның туған жері,
Зерттегені Ұлытау – жезді өңірі.
Сарыарқаның бойына арна сызып,
Суландыру алқабын өлшеп берді.
Елордаға сән беріп тұр Ұлы Абай,
Ел қорғаны – Бөгенбай мен Қабанбай.
Кенесары һам Бауыржан тұлғасы —
Ашкөздерге сес көрсетіп тұрғандай!
Бейнесін де Қаныштың бойшаң, алып,
Көтерсе ғой ұрпағы мәрмәр жанып.
Ғашықтар жолығысып сол маңайда
Бөбектер ойнап жүрсе асыр салып!
Мәңгілік Ел, Самұрық құс, Бәйтерек —
Айшықтары рұхты елдің бұл сондай!
Тарихымыз тереңде ғой, тереңде,
Соны білсін ұл-қыздарым аймаңдай!
Шаттанамын, туған ел, бірге өзіңмен,
Жүрек сырын ашамын бұл сөзіммен.
Қаныш-ұлы, Қаныш-пір, Қаныш-дана
Бас иелік рухына пәк сезіммен!
26 маусым 2015 жыл

АСПАНДАТҚАН ТУҒАН ТІЛДІҢ ӨРЕСІН

(2011 жылы «Қазақ тілі» қоғамы басшыларының Республикалық Құрылтайы өтті. Сол күнге орай Мұраттың мынадай өлеңі дүниеге келді)



Туған тілдің туын тігіп, аспандатқан өресін,
«Қазақ тілі» бірлестігі – қазағыма нұрлы есім.
Елмен бірге қайта түлеп болуы үшін тіл азат,
«Тіл майданы – ел майданы» деп әлі де келесің.
Қозғау салған күресіне зиялылар өкілі,
Арпалыспен күндер өтті – 23 жыл өтілі.
Тілім қонды тұғырына, жемісті боп күресің,
Дер ем бұны алда тұрған табыстардың кепілі.
Жаршысы деп азаттықтың елің сені санайды,
Елбасы да құрмет тұтып, игі ісіңді қалайды.
«Болашағы Қазақстан – тілінде деп қазақтың»,
Саясатта тіл туралы айқын еткен көп жайды.
Сол бағытты Қоғам берік ұстанады әр істе,
Ана тілің – тұғырың деп бағыт берді бұл іске.
Ағылшын мен орыс тілін білу еркі өзіңде,
Ана тілін білу керек ең алдымен нәресте.
Биік тұр ғой әлі дағы кириллица өресі.