***
Сонымен біз Үржарға көштік. Айтпақшы, Алматыдан әуелі Шұбартауға барып, бауырларын жоқтап, қайғы жұтқан күллі туыс-туғандармен әкемізді ақтық сапарға шығарып салыппыз. Сол күннің бірде-бір мезеті де есте жоқ қой!
Кейін Асқар (жаны жәннатта шалқығыр!) ағам айтатын: «Данышпан екеуіңді бейіт басына мен апарғам. Сен тыныш тұрмай, басыңды мәшиненің есігіне оңдырмай соғып алдың да, бақырып жыладың. Жұбатсам, көнбейсің ғой, көнбейсің! Бір уақытта есіңді жинадың да, көкемнің бейітіне тесіле қарап тұрып: «Ей, ағалар, неге менің әкемді көміп тастадыңдар?!» – деп айқайлап жібердің! Жұрттың бәрі саған қарай ошарыла қарап, жүзін тайдырып әкеткен еді. Әлгі сөзден кейін жасыңды бірден тыйдың, бет-ауызың енді ештеңеге мызғымастай сазарды да, өзің сұп-суық боп қатып қалдың…» – деп еді. Соны Асқар ағам кейін мен ержеткенде басын шайқап отырып бір-екі рет айтқан-ды. Бозарып кеттің ғой, бірдеңе білетіндей деген еді, жарықтық.
Кім біледі, сол кезде менің байғұс бала жүрегім бірдеңені сезген де шығар…
Әкеміздің жетісінен кейін шешемнің төркініне көштік.
Бұрынғы Семей облысына қарасты Үржар – өзіне аттас ауданның орталығы. Қысы қақаған аязды, көктемі сұлу, жазы күннің мейірімді нұрына малынған, күзі жеміс-жидекке бай, табиғаты тамаша жер. Бір барып қайтыңыздар, өкінбейсіздер.
Үржар – қалың найман мен керейдің байырғы құтты мекені. Шығысында Тарбағатайдың тәкаппар шыңдары осы бір сұлу өлкеге ерекше бір асқақтық беріп тұратын. Үржарда адам баласының көңілді өмір сүруіне Тәңірім барлық жағдайды жасап қойған.
Біз осында тұратын болдық.
«Үлкен үй» деп аталатын үй – нағашы әжем, анамның үш інісі, бір сіңлісі тұратын қарашаңырақ. Үш нағашы ағамның да енді-енді шаңырақ көтеріп жатқан кезі екен, әжем зейнет жасына шыққан кісі, анамның сіңлісі бойжеткен қыз еді. Ортасынан кіретін есігі, бірінен біріне кедергісіз өте беретін үш бөлмесі бар, ескі, ұзынша үй. Алдында үлкен ауласы бар, картоп, сәбіз тағы басқа көкөніс егілген бақшасының сыртында жылтылдап өзен ағып жатыр. Өзеннің жағасы кішігірім тоғай. Осындай қоңыр тіршілік кешіп жатқан ағайынның үстіне төрт кісі боп біз кірдік.
Бұл үйдегі алғашқы кезең төрт жастағы менің есімде қалмаған екен. Тек кішкене ес кіре бастаған шақта білетінім: көрші-қолаң, туыс-жекжат мені «қияли бала» деп атайтын. Оның өзіндік себебі де бар еді. Үлкендердің айтуына қарағанда, мен маңайдағы тәмам жұртты жинап алып, «өзім бастан кешкен» таңғажайып оқиғаларды баяндайды екем.