– Олардың тек қабырғаға бет алып, хандыққа өткендерін көрдік. Олар өздерімен бірге бір затты алып жүрді. Оларға біз қабырғадан асып, хандыққа жақындаған кезде жақындап, не үшін Тұмандыға кіргендерін білуге тырыстық. Алғаш алдымыздан кішігірім қала шыққан кезде, олар қалашыққа бет алды, біз оларға барынша күдік тудырмай жақын жүруге тырыстық, сол сәтте олардың бірінің «Оның іздегені осы болса екен» деген сөзін естідік. «Мен де соған үміттенемін, әйтпесе ана қарғыс атқан жерде тағы бірнеше жыл жүргім жоқ», – деді екіншісі.
«Қазір бұл туралы айтатын уақыт емес», – деп үшіншісі олардың сөзін бөлді. Одан кейін олардың әлгі зат туралы айтқандарын естіген жоқпыз, не болса да олардың Тұмандыда бірдеңе іздеп жүргендері анық.
– Не екенін анықтау қажет… бірақ оны анықтауға тырысудың өзі өте қатерлі дүние, алайда біз мынаның барлығының артында не жатқанын білуге міндеттіміз, – деді Ерұлан.
– Мұның соңында не жатқанын білгім-ақ келеді, бірақ мен шаршадым, – деді Жақып Ерұланға қарай.
– Сендерге бір нәрсе айтайын, Бабадүрдің кітабында тағы бір дүние жазылған, онда: «Біздің әлем ақырын өліп бара жатыр, ұзақ уақыт өткеннен кейін біздің жеріміз де Тұманды сияқты тіршілігі жоқ, өлі жерге айналады, ал тіршілік мәңгілікке жоғалып кетеді» – деген.
– Бірақ ол мұның барлығын қайдан білген, ол да мұның бәрін бір жерден білуі керек, бірақ қайдан? – деді Нұрлан.
– Біз оны енді ешқашан біле алмаймыз, мен кешіктім – хан Бабадүрді өлтіріп, оның отбасын ешкім білмейтін бір жерге жіберді немесе олардың да көзін құртты, – деді Ерұлан. Олардың арасында тынышық орнады, барлығы бас сүйекке, әлгі қорапқа қарап отырды. Сосын Ерұлан:
– Ал мына бойтұмар, ол жайлы білесіңдер ме? – деді бойтұмарды сұқ саусағымен көрсете, бойтұмар көк түсті домалақ тастан жасалған, ал оның бетінде алтын түспен қанатсыз айдаһарға ұқсас жануар бейнеленді.
– Жоқ, оның не екенінен хабарымыз жоқ, – деді Жақып.
– Сендер осының барлығын мұнараның бір бөлігінен ғана таптыңдар ма?
– Иә, ары қарай өтетін жол болған жоқ, қирандылармен бітелген, – деді Нұрлан. Ерұлан кішкене ойлана, екеуіне қарады:
– Егер сен бізге мұнараның жабық бөлігінің арғы жағында не бар екенін біліп беруді сұрамақ болсаң, онда біз бас тартамыз, әлгі қарғыс атқан жерге қайта оралғымыз жоқ, енді тек тыныш өмір сүргіміз келеді, – деді Нұрлан.