Ауылға келген соң жастарды бастап жүрген жігіт қалындықтың құлағына күйеу баланың қылықтарын жеткізген еді. Болған жағдайда қосынқырап әдемілеп тұрып айтқан, қасында болған қыздар да айтып келген. Өзінің есі дұрыс емес сияқты дегенді және қосқан қарсы алушыларды бастап жүрген жігіт. Мына сөз қыз көңіліне бір жайсыздық туғызғандай болды. Әуел баста болған болашақ күйеуді көруге деген бір ынталық сезім мына сөзден кейін басылып қалғандай.
Күмістің де он беске толып, одан асып бара жатқан шағы. Қазақ сөзімен айтқанда, пісіп тұрған кезі. Содан ба, жігіт сүюге құмарлықпен қарайтын шағы болатын. Қонақтар ымырт жабыла дастарханға отырды. Лезде он екі қанат ақ үй іші адамдарға толып кетті. Бір кезде абыр-сабыр болды да қалды. Күміс келе жатыр сөздері естілді есік жақтан.
Сәукеле киген, бетін өте нәзік жұқа қытай патсайысымен жапқан, қыз- болашақ келін келді. Төрге таман қонақ жігіттерге жақын жайғасты. Болашақ келіннің қасындағы екі қыз жағынан келіп отырды. Артынан қолма-қол қуаныштарын білдіре құтты болсын айтып Алдажұманның бәйбішесі мен Жамал келіп кірді. Жамал қыз бетінің жамылғышын ашып бетінен сүйді. Ал Алдажұманның әйелі Шоң бетінен сүйді. Бұл екі жақтың да көңілдерінің дұрыс екендіктерінің алғашқы белгісі еді. Олар отырған жоқ, кетіп қалды. Артынша дастарханға ет те келді. Отырған екі жігіт жылдамдата ет турап, келген күйеу мен оның жолдастарына тиісті мүшелерін беріп жатыр. Әлгінде шешесі қыздың бетіндегі жапқышын көтергенде, Шоң байқап қалған, Көбен айтқандай қыздың жүзі сары екен. Қыз да есіктен кірген бетте беті жабық болса да жігіт жағын бір шолып өткен. Келген қонақтар қыз жүзін анық көрмегенімен, қыз бәрін айқын көріп отыр еді. Қарсы алған жігіттің өзінің есі дұрыс емес сияқты деген сөзі жадынан кетпей отырған. Күйеу жігіттің әрбір қимылын бақылауда еді. Шоң да денесінде қышымасы бардай мазасызданып қимылдай берген. Оның мына қылығы қыз көңілінде жайсыздық туғызғанды. Күйеу бала болғасын салмақты болу керек қой. Қыз ойланып қалды. Күйеу баланың қайта-қайта қозғала бергені ұнамады. Қыздардан жоғарық отырған Әлсен, Жәмке, Малай бәрін жақсы көріп отырған. Әлгінде шешесі күйеу баланың кім екенін қызға таныстырғандай Шоңның бетінен сүйген. Содан болашақ күйеуі осы екенін қыз біліп қалған. Қыз бетіндегі жабулының бәрін жақсы көріп отыр еді. Шоң болса беті жабулы әлгінде шешесі бет пердесін көтерген қас қағым сәтте көргені болмаса қызды онша көре алмай отыр. Аңығы, қыздың сап-сары екеніне көзі әбден жеткен. Неге екенін, өзі де түсінбейді, содан мазасы кете бергені. Шоңның қозғалуының сыры сонда жатқан болатын. Оның осы қылығы қызға жаман әсер етті. Әлгінде қарсы алған жігіт сөзінде бір шындық бардай көрінді.