Байсарының бұл айтқаны елдің алып қашпа сөзі еді, соны естіп әдейі не дейді екенін білу үшін әкесіне айтып отырған болатын. Баяғы заманы еске түсті ме, батырлығы ұстап кеткен болуы керек, айтқаны:
– Оларды қалмақтар тәрізді қумай ма?
– Орыстар қалмақтардан күшті дейді ғой.
– Күшті болғанда несімен күшті?
– Оқ+дәрімен атылатын мылтықтары бар көрінеді. Ал ол бізде жоқ. Есіл бойын жаулап алып, Ақмола атты бекініс салды ғой. Кенесарының өзін айдап шыққан жоқ па, бұл орыстарға одан кейін кімнің шамасы келеді.
Хан тұқымы Кенесарыны қуғанын естігеннен кейін Таубай басылып қалды.
– Ондай болса, орыстар шын мықты екен. Қап, әттеген-ай.
Оның неге өкініп отырғанын қасындағылар білмеді.
Жасының келіп қалғанына өкіне ме, әйтеуір, бір түсініксіз жай еді. Енді сөзін Жанкелдіге бұрып:
– Ойпырмай, ә-деді Таубай таңғалған рай танытып-Жанкелдінің мынасы қызық екен. Ең жақын туысқандарының бірі бізбіз. Үлкен той болса, бізге неге хабарламайды. -Өз айтқанына өзі мүшайман болып қалғандай. Баласы сөзін қоздыра түсті:
– Мына батысыңызда жатқан, ең ақыры, Темештерді де тойға шақырыпты. Олар таңертең кетті. Ал, іргеде отырған бізге айтпады, -деді Байсары тағы да.
Мына сөз ауыр тиіп тұрса да, Таубай енді Жанкелдіні ақтағандай етіп сөйледі.
– Жанкелдіні кінәламаңдар. Бәрін жасап отырған оның балалары. -Жас күнінен мінезін жақсы түсінетін ол Жанкелдінің олай жасамайтынына сенімді еді.
– Бәрін шақырыпты, бізді кедей болған соң көзге ілмейтін тәрізді. Осы манайдағы Алтай-Қарпық балаларына түгел хабарлапты. -Бұл сөзді айтып отырған тағы да кіші баласы Байсары еді. Тойға өздерін шақырмағанға ол қатты ренжіген.
– Казір адамнан гөрі, байлықты сыйлайтын заман туды ғой, -деді осы жастардың ішіндегі үлкені Ашықбай.
– Барып Жанкелдінің кез келген баласының бір үйір жылқыларын айдап алсақ, дұрыс болатын еді, -деді біреуі.
– Одан ел арасында жанжал туады, одан түк бітпейді. Ауыл арасы бүлінеді, ештеңе ұтпайсыңдар!
– Көке, сіз қалай түсінбейсіз, олар бізді кедей деп кемітіп отыр, -деді баласы Байсары тағы да.
– Олар кеміткенімен кем болмаймыз, Құдай кемітпесін, басқасы ештене етпейді…
Сатыпалды балаларының ішінде кедей болса да Елгелділер маңдайынан жүйрік ат арылған емес еді. Санрет ру аралық, аймақтық ат жарыстарында бірінші, ең бомағанда екінші орынды алып отыратын.1834 жылы өткен Тәнірбергеннің Қонысбайының асында «отыз желком» атанған Елгелдінің көкбестісі бірінші келіп, жарты жолдан қосылғанды шығарып сылтау айтып, басқарып жүрген Сапақ, Лау мен Телқозы билеп жүлде бергізбеген еді. Бұл да ұмытылмай іште жүрген өкпе болатын. Сондықтан бұл туыстардың арасында ауыларалық араздық бар еді. Содан бірімен бірі онша қатынаса қоймайтын. Жанкелді немересінің ішіндегі пысығы, барлық шаруаны басқарып жүретін Телқозыға өкпелері бар болатын бұлардың. Бір бірін суық ұстаудың бір сыры да осында жатыр еді. Бұл жолы да Елгелділер той жарысына ақ боз атты алып келе жатқан. Оның үстіне мінгізуге он үш жасар атқа мықты Жәмкені әкеле жатыр еді. Бұл бала атқа жақсы шабумен қатар, өлең-жыр айтуға шебер, ел арасында айтылып жүрген мың-сан қисаларды жатқа білетін. Әншілігі де күшті.