Ел Шоңы. Сәскелік шақ. I кітап - страница 4

Шрифт
Интервал


Ол кезде қай ауылда болсын үлкені де кішісі де қиса десе ауызынан суы құрып тыңдайтын. Елдің сондай қасиетін білетін Байсары әдейі елдің бетін өзіне қарату үшін Жәмкені алған болатын.

Елгелділіктер түс ауа Жанкелді ауылына жақындап келді. Айналасы қаптаған киіз үйлер. Жік жоқ. Жанкелдінің өзі келген қонақтарды төбе басында қарсы алып отыр. Төрт жағы ашық, күн түспесінмен төбесіне ши ұстатып, биіктеу жерде отырған. Бұлай етіп жасап қойған себебі, шығыстан да, батыстан да, оңтүстіктен де, терістіктен де келген қонақтарды Жанкелді бірінші көру үшін әдейі осылай жасаған еді. Кешеден бері осы жерде отырып қонақтарды қарап отырған. Таусылар түрі жоқ. Шығыстан Қаржастар, Каракесектер, оңтүстіктен Тамалар мен Наймандар, батыстан Темештер мен Нұра бойынан ағайындас Жабағы, Құлымбет, Тілен, іргедесі Тиес, Аққошарлар он-жиырма атты болып келіп жатыр. Әуелі биікте қырқа басында отырған Жанкелдіге сәлем беріп, бәрі төменде тігілген киіз үйлерге жайғасып жатқан еді… Бүгін соңғы күн еді, ертең той басталады. Күн бесіндіктен асқан кезде батыстан он шақты салт атқа мінген адамдар көрінді. Көруі нашарлай бастаса да Жанкелдінің кәрі көзі шалып қалып:

– Менің көзім онша анықтай алмай тұр, мыналар кім? -деп сұраған қасында отырғандардан.

– Бұлар дәуде болса «отыз желком» Елгелділер болар, -деді біреуі.

– Қой, олай демеңдер, естіп қалса бұл Елгелділер шамқой ел, жанжал шығаруы мүмкін, -деді Жанкелді. Алайда, іргеде отырып кешігіп келе жатқан Елгелділерге ренішті еді. Ең жақын туыстардың бірі ең соңынан келе жатқаны қалай екенін түсінбей отырған Жанкелді. Бірақ бұл туралы ешкімге ештеңе айтпады.

Ауыл сыртынан қонақтарды қүтіп алып жүрген жігіттер, Таубайларды қарсы алып Жанкелді отырған араға қарай бағыттап жіберді. Таубай келіп бірінші болып аттан түсті. Жасы келіп бойы біраз отырса да әлі бойшаң еді Таубай. Сондықтан еңкейіп келіп түкті кілем үстінде отырған Жанкелдіге сәлем берді.

– Таубай батыр, жер алыс болған соң кешігіп қалдың ба? Бұл сөзде ашу да, әрі өкпе де бар еді.

– Жәке, менің келмей қалуым да мүмкін еді. Дәл іргеде отырған бізге той болатынын неге хабарламаған?

Жанкелді қасына отырған үлкен баласы Зейнетке қарады.

– Сендер Елгелділерге алдымен хабарламайсыңдар ма?!

– Әке, ол жағын мен білмеймін. Хабарлау жағын басқа біреулер алып жүрген.