– Бұл Елгелдінің Төлекбай атасынан бастап бар өмірі қалмақтармен соғыста өтті ғой. Бұлардың қазақтар алдында еңбегі зор. Соны ұмытпауларың керек.-Бұл сөзді балаларына арнап айтқандай еді. Қазір өзі де шал болып қалған Зейнет үндемеді. Таубай оның үнсіз қалғанын жақтырмады. Алайда, оған тиіспеді. Басқаша сөйледі.
– Жәке, оны елдің бәрі білуі міндетті емес, сіздің ұмытпағаныңызға рахмет, Алла жарылқасын. Уақыт өтеді жақсылықта та, жамандық та ұмытылады. Анау Тәңірбергеннің «бес перені»ағаларының асында ат жарысынан бізге бас сыйлықты бермеді ғой, баяғыда. Сол есімнен кетпейді.
– Өзің айтып отырсың ғой, өткеннің бәрі ұмытылады деп, сенде ұмыт, оны ендеше, -деді Жанкелді.
– Жай, сөз реті келген соң айтып отырмын.– Бұл арада Жанкелді балаларына өкпе бар еді, бірақ оны ашық айтпады Таубай. Және оны айтудың мына арада орынсыз екенін білген ол.
– Байлық деген қызық, біреулерге сәтін салады да, содан кейін байып кетеді. Тәңірбергеннің балалары да сондай сәтімен байыған адамдар еді. Сен байлықты ойлама, аталарымыз айтатын байлық бір жұттық дейтін. Тек ауылдың өсуін ойла.-Жанкелді Таубаймен кездескен сайын осы сөзді айтатын. Таубай да бұл сөзде үлкен мән беріп айтатынын жақсы түсінетін. Қазір де соны қайталап айтып отырған.
Бірақ қазақ кім көрінгенге қыздарын бере бермейді. Оның иелігіндегі малдарына қарайтын. Ал, Елгелділерде мал жағы аз еді, сондықтан бірен-саны болмаса Елгелділер екі әйел ала алмайтын. Мыңды айдаған байлар оларға қыздарын бермейтін. Би сайлауына да қатыстырмайтын. Жанкелді оның бәрін білетін. Бұларға әуелден байлықты мандайларына жазбағанын бір өкінішпен айтып отыратын. Өздерімен бірге туысқан Сатыпалдыдан тараған, оның үлкен баласы Елгелді ұрпақтарының осындай кедей болғанына іші ауыратын. Әуелінде әкелері үш баласына да бірдей байлықты бөліп берген. Басқалары байып кеткенде Елгелділерге мал құтаймай қойған. Содан ба олардың, Темештерден, алыста жатқан Қаракесектерден мал ұрлайтыны да бар еді. Олар дау шығарып, Жанкелді би алында сан келген. Бірге туған туыстарын қалай сатсын, сендер әуелі анығына жетіндермен қайтарып жіберетін. Сондықтан олар есе қайтару үшін Тоқалардың да малдарын ұрлайтын. Содан ба, Тоқалар арасында Елгелділер ұры деген лақап ат тарап кеткен. Сондықтан ұрласа да, ұрламаса да ұры атанған.