– Мен де айтамын ғой, бірақ сіздің айтқаныңыздың да артықшылығы болмас…
Қожамжар да ертеңгі күні мына іргеге келіп қоныстанып жатқан орыстармен жандалдаса қалса көп болғанды көңілі қалайтын. «Елгелділер де келсе келсін. Бізбен құдандалы халық қой» – дегендей ыңғай танытқан сөзінде. «Мен оған қарсы емеспін» – Шоң сөзін қостай сөйлегендей еді мұнысы.
– Бірақ мен оларға сөз айтпаймын. Келемін десе өздері білсін, – деген сөзбен аяқтаған айтарын Қожамжар қарт.
Жабағылар мен Елгелділер кезінде шабындыққа, жайылымға таласып бір-біріне көңілдері қалып біткен. Қожамжардың ұнатпай сөйлеп отырғаны содан еді.
Дегенмен, бұл құдандалы рубасылардың көңілдері дұрыс екенін білетін Шоң. Кожамжардың әлгі айтқаны Шоң ойынан шыққан сөз болды. Шоң білетін, жаздың ыстық айларында Елгелділер отырған жердің оңтүстік жағындағы жердің шөбі күйіп кетіп, жаз айларында малдарын сонау Бекеш өзенінің бойына айдап, бір шеті Анарбайдың жеріне жақындап баратын. Шоң ол туралы естіген. Жақын жердегі Қараағаш жаққа Жанкелді тұқымдарымен іргелес, қоныстас отырған Аралбай, Калыбектер жібермейтін. Содан сонау терістіктегі Бекеш өзенінің бойына жаз айларында шығып кететін. Сондықтан да Елгелділердің Нұра бойына көшіп кететініне сенімді еді Шоң.
Кожамжар айтқан сөзі ойынан шығып, ертеңіне Балықтыкөл жағында отырған Елгелділер ауылына аттанды. Бұл кезде бұл атаның бетке ұстар ақсақалы Таубай қайтыс болған еді. Алдында Шоң барып балаларына көніл айтып, өзі жақсы көретін шалдың бейітінің басына құран оқып қайтқан. Шоң атының басын сол кісінің үлкен баласы Айсарының үйіне бұрды. Бұл кезде Айсарының өзі де қартайып, әкесінің жасына жақындап қалған кезі еді. Ол Шоң болыс болып сайланғанда қатыса алмаған. Сырқаттанып жүрген еді. Шоңның мына келісіне қуанып қалды.
Баяғыдан Елгелділер Жанкелді балаларымен жақсы емес еді. Сонау жылдарда бір үйір жылқыларын осы Елгелділер ұрлап алғаны туралы әкесі бұларға өкпе айтатын. Содан бері біріне-бірі қатынаспайтын. Турасын айтқанда, өш еді. Әкесі Телқозы Елгелділерді шетінен ұры дейтін. Шоң әкесінің аузынан бұл сөзді сан рет естіген. Бірде әкесіне айтқан: «Елгелді адамдарының бәрі ұры болуы мүмкін емес. Бүкіл руды олай қараламаңыз, ұят болады. Ұрыға келсек, Ерназардың арасынан да табылады». Осындай сөзді басқа адамдар жиналған жерде айтатынын Шоң ұзынқұлақтан естіген еді. Елгелділер әкесіне қатты ренжулі екенін білетін. Бірақ әкесі де өз айтқаны болмаса болмайтын нағыздың өзі еді. Анау замандағы туысқандық қатынас бұл екі ру арасында қазір жоқ. Бірімен-бірі кірбің қабақ еді. Соған қарамастан Айсары Шоңның бұл келісіне жаны қалмай қуанып, жақсы қарсы алды. Бұрынғы суып кеткен көңілді Шоңның мына келісі жылытып жібергендей еді.