Ел Шоңы. Шаңқай түс. II кітап - страница 17

Шрифт
Интервал


– Бізді анау отырған Бекше, Жабағылар, Солтан, Аққошқарлар жуыта ма?

– Солармен бір ауыл болып отырасыңдар. Мен ол жағын келістірейін…

– Сонда біз оларға кірме болып отырамыз ба?

– Кірмелеріңіз не? Бәріңіздің негіздеріңіз бір, Тоқасыңдар ғой.

– Тоқа кім, біз кім? Шоң, олай бізді жақындатпай-ақ қой, – деді мына сөзге реніш танытқан Сәтек.

– Сіздердің жағдайларыңызға қарай айтып отырмын. Сіздер жыл сайын жаз айларында сонау Бекеш бойына жайлауға көшіп отырсыздар. Нұра бойына барсаңдар жақын болмай ма?

Айсары айтты:

– Шоң бауырым, мына айтып отырғанын ойының ба, шының ба?

– Мұндай ойын болмайды, шыным. Қазақ жеріне көптеп орыстар келіп қоныстанып жатыр. Ана Жабағылармен құдандалы, туыс адамдарсыздар. Солармен бір ауыл болып отырмайсыңдар ма?!

Мына сөзді естіп отырып, Таубайдың екінші баласы Ақсары қатты ашуланды.

– Шоң, өзің не айтып отырсың. Бұл ара жақсы болсын, жаман болсын ата қонысымыз. Бұл арада біздің аталарымыздың сүйегі жатыр. Өзің білесің, баяғыда атамыз Сатыбалды Елгелді атамызға осы жерді қоныс етіп берген. Бұл ара сонысымен ыстық. Біз бұл арадан ешқайда кетпейміз.

– Ағасы, мен оны біліп отырмын. Ол заман басқа еді. Енді, міне, орыстар келді, заман өзгеріп барады. Соны түсінулеріңіз керек. Нұра деген суы мол, маңайында шабындық көп, жақсы жер. Орыстар келмей тұрғанда сол жерге қоныстанып ал дегенім ғой. Енді біраз уақыттан кейін кеш болады. Сіздер көшіп барсаңыздар, ана қоныстанып жатқан орыстар сияқты тағы келеді. Ал олар қалың қазақ қасына жуымайды.

– Ана Жабағылармен қалай тіл табысамыз, осы жақтан бізбен ұрыссып кетті ғой.

– Олар ана орыстармен де тіл табысып отыр. Олар кім, сіздер кімсіздер…

– Біз олармен тіл табыса алмаймыз. Шоң, мынауың басы артық сөз болып кетті, – деді тағы да Сәтек сөзге араласып.

Мына сөзден кейін Шоң әңгімені қойған. Елгелдінің үлкендері біраз отырып кеткен. Ел тараған соң Айсары тағы бір әңгіменің шетін көтерді.

– Шоң бауырым, сенің ана әкең бізді ұры атап, жалпақ елге жайып жүр. Баяғыда бір үйір жылқысын біреулер ұрлап алып кеткен көрінеді. Соны бізден көріп бүкіл елге жайды. Өз туысымыз өзімізді ұры атандырды. Міне, түн жамылып отырмын ғой, Жанкелді балаларын былай қойғанда, біз исі Тоқадан мал ұрламаймыз. Жастардың ондай әдеттері бар, оны жасырмаймын. Мына жақта Қаракесектерден, онтүстіктегі Тамалардан ұрлайтынымыз рас. Өйткені, олардың өздері де ұрлайды. Содан кейін біз де қарап отырмаймыз. Ал әкеңнің Елгелділерді ұрыға қосып жүргені білместіктен болған жағдай.