Мына адамның тарихқа құмарлығы Шоңның онымен әңгімелесуін тіптен арттырып, күшейтіп жібергендей болды. Бұл адам да өзі тәрізді тарихқа құмар екен. Сол жағдай екеуін жақындастыра түскендей. Тарих туралы әңгіме күн сайын бірнеше сағатқа созылатын. Қараағашқа келген соң Карпов үшін он төрт қанат кең үй тігіп, сонда орналастырды. Шоң Әйімкүлдің өзіне тапсырған:
– Бұл адам көптің бірі емес, тамағын, бәрін өзің дайындап беріп отыр, – деген еді.
Әйімкүл де Шоңның айтқанын орындап жүрді. Шоң Карпов келгеннен кейін бір мол жұмысқа кіріскенін байқап, қонағының мазасын алмау үшін кіре бермейтін. Анда-санда ғана кіріп шығатыны бар. Бір күні Әйімкүл келіп:
– Ана кісі күнұзын жазумен отырады. Тамақ ішпейді. Тек қымыз ғана ішеді, – деді. Шоң бір кіргенде:
– Петр Константинович, сіз жылқының да етін жеңіз. Оның адамға әсері қымыздан кем емес. Өкпе ауруы қазақтар арасында да көп. Жылқы етін, қуырдақты көбірек жеп, қымыз ішкеннің пайдасы тиеді.
– Бұрын мен жылқы етін жеп көрген жоқ едім. Содан кейін онша ұната қоймаймын.
– Мен сізге қой етін беруді ойлап едім. Сіздің денсаулығыңызға байланысты жылқы етін бергізіп жүрмін әйеліме. Сіз әлі үйрене алмай жүрсіз. Үйреніп алған соң тек жылқы етін жейсіз. Жылқы етінің өзіне тән дәмі бар, сіз оған мән бермеңіз, кейін үйреніп аласыз. Сезбейтін боласыз. Мен бір күн жылқы етін жемесем, отыра алмаймын.
– Мен жалпы майлы ет жемеймін. Шошқаның майын да тиіп-қашып жеймін.
– Өкпе ауруына бірден бір ем – жылқының майлы еті. Сондықтан сіз тоя жеп отырыңыз.
– Бұл сөзіңізге рахмет. Сіздің айтқаныңызды істеуге тырысамын. – Әйімкүл қазысы бес елі жылқы етін салған екен. Шоң соны біреуін алып турап, өзі де жеді, Карповқа да берді.
– Онша тартпай отыр, – деді Карпов.
– Қымызды босқа іше бергеннің пайдасы жоқ. Орыс дәрігерлері жылқы етінің қымыздан да пайдалы екенін білмейді ғой. Ет қымызды басады. Тәбет ашады. Содан кейін жегің келе береді.
Бұлар ет жеп отырғанда Телқозы кіріп келді. Ол Шоңның қонағының алдында тұрған бес елі қазыны көріп:
– Енді мына орысқа жылқының етін жеуді үйретіп жатырсың ба? Ертең бұлар жылқыдан жылқы қоймайды ғой.
– Бұл көп орыстың бірі емес, қазақты жақсы көретін орыстардың бірі. Содан кейін үйретіп жатырмын.
– Қазақты жақсы көретін орысты көргем жоқ әлі.
– Сіз орыстардың бәрін анау Захар старостасы мен оязбен салыстырып отырсыз ғой.