Ел Шоңы. Шаңқай түс. II кітап - страница 54

Шрифт
Интервал


– Бұл саясат қой. Қазақтар алдында төрелердің беделін түсіріп, орыс беделін өсіру ғой.

– Дұрыс айтасыз, мен де солай ұғамын. Петр Константинович, ол сөзде шындық бар. Қыпшақтардан монғолдар күшті емес. Шыңғысхан саясаты арқасында үш жүз жылдан астам орыстарға, төрт жүз жылға жуық қазақтарға билік жүргізді. Ел басқарушы ақылды адамдар болмағандықтан қыпшақтар пәлен ғасыр монғолдарға тәуелді болып қалды. Мен сізге қыпшақ ханы Қайыпхан жайында айттым ғой. Тағы да еске саламын, егер оның саясаты дұрыс болғанда казіргі тарих басқаша болар еді. Бірақ оның ақылы Шыңғысханнан артық болмады. Содан барып ол барлық қыпшақтарды өз жағына тарта алды. Қыпшақтар өз билігін жоғалтты. Қыпшақтарды қыпшақтар құртты.

Шыңғысхан, менің пайымдауымша, керемет ақылды болған сияқты. Алдағы мың жылын ойлап кеткен адам. Оның қай жерге жерленгенін ешкім осы уақытқа дейін білмейді. Кейбір сәуегей төрелер айтады, ол бізге аспаннан қарап тұр дейді. Ұрпақтарына жөн сілтеп тұратынын айтады. Әрине, бұл жалған. Ол шындық болса, Кенесарыға да жол сілтер еді. Кенесары мен Шыңғысхан балаларының дәурені бітті ғой деп ойлаймын. Сіз менің бұл пікіріме қалай қарайсыз?

– Бұл сөзде шындық жатыр. Орыстар енді оның ұрпақтарының көтерілуне жол бермейді. Мен оны орыстардың сөздерінен байқап жүрмін.

– Петр Константинович, сізге бір сұрақ бергім келіп отыр. Ресей ар жағындағы Польшаны, Финляндияны жаулап алды. Шыңғыс та теңізге барып тірелді. Бірінші жауы болған монғолдарға тиіспей отыр. Осыны қалай түсінуге болады?

– Оған қолдары тимей отырған шығар, – деді Карпов.

– Олар тимейін деп отыр емес, Шыңғысхан рухынан қорқады.

– Болса болар. Бір елді жаулап алмастан бұрын патша маңында отырғандар шіркеу басшыларымен де ақылдасады. Солар ұлықсат бермей отырған шығар. Сіздің мына сөзіңізде бір зандылық бар тәрізді. Рухтан кез келген ел қорқып, сыйлайды. Ресей патшалары да Шыңғысхан рухынан қорқатын болуы керек. Біздің дін орындары Шыңғысханның өмірін зерттеп жатқанын естимін. Бірақ анығын білмеймін.

– Шыңғысхан орнатып кеткен тәртіп пәлен ғасырға жететін саясат қалдырып кеткен болуы керек. Оның ұрпақтары да бертін келгенде соның дегеніне жүгінді. Соның арқасында жеңіске жетті. Саясат да бұйым тәрізді тозады. Уақыт өткен сайын оны жаңартып отыру керек. Ал оның кейінгі ұрпақтары оны жасай алмады.