Ел Шоңы. Шаңқай түс. II кітап - страница 56

Шрифт
Интервал


Шоң өзімен өзі болып осы мәселе жайында сан рет толғанған еді. Бір пікірге келе алмаған. Қазір де соны айтты:

– Менің ойымша қазақ қана емес, жалпы, мұсылман халықтарын кейін тартып келе жатқан дін болуға тиісті. Мұхаммед пайғамбардан кейін келген хазіреттер діннің дамуына жағдай жасай алмады. Дін сан ғасыр бір қалыпта тұрып қалды. Қазақтарға дін көп жыл басшылық жасады. Сауатсыз молдалар өз ойларынан неше түрліні тауып, халықты шатастырды. Бұл кезде христиан діні дамып, алға кетті. Христиан дінін зерттеушілер бар. Ол орыс мемлекетінің дамуына да әсер етті. Мұсылман дінінде сурет салудың өзін күнә дейді. Ол өнер емес пе? Босқа өнердің дамуына керегар жағдайлар болды ғой. Бұл білместіктен туған жағдай. Дін де уақытымен таласып дамып отыруы керек. Жаратушы әуелінен солай жасап қойған болуы керек. Біздің хазіреттер оны түсінбейді. Шариғат туралы заң сонау пайғамдар заманындай болып тұрып қалған. Құранды зер салып оқыса, бұл туралы айтылатынын татар молдасының аузынан естідім. Бірақ соны түсініп, алға дамытқан мұсылман оқымыстылары болмады. Олар ел басшыларынан қорқып, діннің дамуына жағдай жасамайды. Дін бір кезде қозғаушы күш болған. Кейінгі Шыңғысхан ұрпақтары оған мән бермеді. Дін үлкен ұйымдастырушы күш екенін түсінбеді.

– Дұрыс айтасыз, Шоң Телкозинович. Дін басшыларында да оң мен солын айыра алмайтындар бар. Бір кезде жер күнді айналады дегені үшін дін сол адамды өлтіріп жіберді. Енді соған өздерінің көзі жетіп отыр. Жаратушы адамдардың көзі соған біртіндеп жетсін деп жасап қойған. Кейбір ғалымдар айтқандай дін догма емес, ол өмірдің өзі тәрізді дамып отыруға тиісті.

– Дұрыс айтасыз. Кейбір дін оқымыстылары өзінше ешқандай ақылға келмейтін діңді ойлап тауып, елді соған бағындырғысы келеді. Ондай адамдар христиан діні, мұсылман діні арасында бар. Солар діндерді біріне біріне қарсы қойып, адамдар санасын жаулап алғысы келеді. Шыңнғысхан табынған Құдай бар ма?

– Ол көктегі Құдайға сыйынған дейді. Қандай Құдай екенін білмеймін. Соның табынған Құдайы күшті болып, сіздерді басып алды ғой.

– Ол кісіде ақыл көп болды. Соның арқасында қазақ жерін басып алды ғой, кезінде. Содан кейін олар орыс жерін басып алды. Мұның бәрі ақылдың күші!

– Жер бетіне келген адамға Жараушы әртүрлі тағдыр берген. Оған жақсы тағдыр берген сияқты.