Ел Шоңы. Шаңқай түс. II кітап - страница 63

Шрифт
Интервал


Шоң сәлемін естігеннен кейін Жойқынбекті алып барып, жасап жатқан пәуескесін көрсеткен. Мен өзім осындай жасау үшін әдейі Бурабайға барып осыған келетін кисық қайыңдарды бірнеше күн қарап, одан табанын жасауға таңдап алдым. Шоң асықпасын, көктемге дейін пәуескені дайын етемін деген. Жойқынбек көрген, білгенін айтып келген. Бурабайдың қайыңынан пәуескенің табанын жасап жатыр дегенде Шоң түсінбей қайыра сұрады.

– Файзекең тек қыста жүретін етіп жасап жатыр ма?

– Шоңке, қыста да, жазда жүруге лайықтап жасап жатырмын дейді. Ғажап пәуеске болатын түрі бар.

Шоң Файзулланың керемет шебер екенін білетін. Қолынан не шықпасын бір жаңалықты ойлап табатынын әуелден байқап жүрген еді. Шоң өзі көзімен көрген Бурабайдың қисық қайыңдарын көз алдына елестетті, бұл ешқандай қолдан иіуді қажет етпейтін дайын тұрған шана табаны екенін білді. Табиғаттың өзі иген қайыңдарды пайдаланып жатқанын білді. Іштей Файзулланың тапқырлығына, білгірлігіне риза болды. Оның пәуескені ойдағыдай етіп жасайтынына сенімі күшейген еді.

Арада екі жарым айдай уақыт өткенде Файзулланын өзі, маусым айының ортасында қасында кіші баласы кісі бар, пар ат жекен пәуескені алып келді. Бұл Ақмола аймағында жоқ пәуеске болатын. Бар шеберлігін салып жасағаны көрініп тұр. Қыста төрт дөңгелегін алып тастаса шана болып шыға келеді екен. Жазда арба. Пәуескені көруге айналадағы сорпа бетіне шығатындардың бәрі жиналды. Таң қала қызығып, қызғана қараған еді. Енді байлар Файзуллаға бізге де осындай пәуеске жасап бер деп тілек айта бастады. Файзуллаға мұндай пәуеске жасау аса қиынға түскенін еді. Бұл пәуескені жасауға үш жылға жуық уақыт кеткен. Енді елге де мынандай пәуеске жасап берсе, бірінен-бірі көріп мазасын ала беретінін сезіп тұр еді. Содан кейін қулықпен елден құтылу үшін айтқан:

– Бұл сіздерге өте қымбатқа түседі, – деді Файзулла.

Есептің бәрін жылқы санымен жүрізетін қазақтардың әдеті еді. Біреу тұрып сұрады:

– Сонда қанша жылқы?

– Екі жүз жылқы.

Мына сөзді естіген қазақтардың көзі атыздай болып кетті. Сөздері таусылғандай күйге жетті. Мына қу татардың қазақтарды тонауы ғой деп түсінген. Тағы біреуі тұрып сұрады:

– Саған Шоң сонша жылқы бере ме?

– Әлі келіскеміз жоқ. Бірақ береді. Бұл пәуескені істеу маған оңайға түскен жоқ. Мен Бурабайға барып арнайы қайың ағаштар кесіп әкеліп жасадым. Бұл пәуеске арба-шанаға бірдей ғой. Және ондаған жылға кетеді.