Ел Шоңы. Шаңқай түс. II кітап - страница 64

Шрифт
Интервал


Оның сөзін көппен бірге Телқозы тыңдап тұрған. Мына сөзді естіп, есі шығып кеткендей болды. Шыдай алмады, үйге кіріп Шоңнан сұрады:

– Сен пәуескені қаншаға жасаттың?

– Бағасын әлі келіскен жоқпыз, білмеймін…

– Ана татар екі жүз жылқы дейді.

Мына сөзді естігенде Шоң да қорқып қалды. Әуеліде құны қанша екенін келіспеген еді. Өкінгендей болды. Бірақ кейін шегінер шама жоқ. Алып келіп тұр. Енді оны алмаймын деп айта алмайды. Шоң айтқан:

– Ендеше сол сұрағанын бер. Олай болмаса ұят болады. Ол менің айтқанымды орындады, біз неге алудан бас тартамыз. Бұл тіршілік бір-ақ рет келеді. Бір мінгеннің өзі не тұрады?

– Сен Шоң бөсіп сөйлейсің. Мен бұл пәуескеңе ол айтқан жылқыларды бермеймін. Мына татарың қу болуы керек, қазақтардан алдап алып әбден жаман үйренген ғой.

– Сен оған жылқы бермесең, мен онымен ақшалай біртіндеп есеп айырлысамын. Анау қаладағы орыстардан қарыз аламын.

– Ол қанша ақша екенің білемісің?

– Білмеймін. Басқа амал жоқ, сөйтуім керек. Ол менің тілегімді орындады, мен неге оны ренжітуге тиіспін?

Мына сөзді естіп Телқозы ашуланып сыртқа шығып кетті. Барып Файзуллаға:

– Менің саған беретін жүз жылқым жоқ. Пәуескенді алып кет…

– Ағасы, мен сізден сонша жылқы бер дедім бе?

– Ендеше, ана елге жаңағы айтып тұрғаның не?

– Мен басқа қазақтардан осындай пәуеске жасап берсем, сондай жылқы аламын. Бұл пәуескені жасауға менің қанша уақытым кеткенін білмейсіз.

– Ендеше, сол еңбегіңе лайықты мал беретін адамды тауып ал. – Телқозы бұрылып кетіп бара жатыр еді, оны Файзулла тоқатты.

– Сіз неге асығыс сөйлейсіз? Шоңнан ондай жылқы сұраған жоқпын ғой. Шоң менің туған інімдей болып кеткен адам. Мен Шоңға тегін де жасап беремін.

Телқозы Файзулланың мына айтқан сөзіне не сенерін, не сенбесін білмей тұрып қалды. Бірақ тегін жасап та беремін деген сөзі тоқыратып тастады. Соған орай айтқан еді.

– Сонда да сен мынадай пәуескені туған ініңе де де тегін жасамайсың. Бос сөзді сөйлеме. Тура айтшы, қанша сұрайсың Шоңнан? – Телқозы қанша дегенде өзі де іштей қызығып тұрған пәуескеге.

– Сіз айтыңыз, қанша бересіз?

Телқозы өзінің сараңдығына салып сөйледі:

– Жиырма жылқы.

– Ендеше, бопты. Жиырма жылқы болса, жиырма жылқы…

Телқозы үйге кіріп Шоңға:

– Мен анау татарды жиырма жылқыға түсіріп алдым.

Шоң әкесінің керемет сараң екендігін жақсы білетін. Расында, ана кісіні өзінше алдап түсіріп отыр ма деп ойлады. Татарлардың қазақтардың алдауына түсе коймайтынын және білетін. Содан кейін сұраған: