Ел Шоңы. Шаңқай түс. II кітап - страница 66

Шрифт
Интервал


– Бұл сенің маған билікке өткізгенім үшін берген параң болып табылады. Алмаймын.

– Менің би болғаныма бірталай уақыт өтті. Енді би болғаным үшін саған пара емес. Ол өткен шаруа. Сен, Шоң, оны ойлама, сен мені билікке өтікізбесең да әкелемін. Бұл қазақтың ежелден келе жатқан дәстүрі.

Шоңның басына Әлсеннің мына айтқаны қонбады… Қазақ не болса да есептеп әкелетінін білетін. Мына Тілен бір есеппен әкеп отырғанын болжаған. Ақыры алмай қойған. Әлсен ыза болып, екі бозын үйіне алып қайтып бара жатқанда, оған Телқозы қарсы жолықты жолдан.

Бұл кезде Телқозы Шоңның Қызылағаштағы қысқы қонысынан он шақырымдай жерде бөлек тұратын. Шоң үйіне күн құрғатпай келіп жүретін. Бүгін де келе жатып екі ақ боз ат жетегінде бар Әлсенге қарсы жолықты. Ол Шоңның пәуескесіне мұның көрімдік әкелмегеніне ренжіп жүрген болатын. Көрімдікке әкелгенін біле қалды да, сонда да әдейі сұраған:

– Мына аттарың не?

– Шоңның пәуескесіне көрімдік әкеп едім, пара деп алмай қойды. Содан кейін қайтып әкетіп барамын, – деп шынын айтқан Әлсен.

Телқозы екі бозды көріп қызығып кеткендей болды. Шөміштің боздарының көбісі жорға болатын. Жібергісі келмеді.

– Ол алмаса, мен аламын. Маған тастап кет.

– Телеке, ол ненің ақысы? – деді Әлсен.

– Білесің бе, баяғыда сені шақырып алып, би болуға мен өткізгем. Ол пара алмаса, болыс болып ала алмай отыр. Әлі үйренген жоқ. Біртіндеп үйренеді. Кейін мен оған ретін тауып айтамын. Әкелдің екен, енді аттарды тастап кет. Қайта алып кетуің ұят болады…

Әлсен Телқозыға бергісі келмей тұрса да, Шоңға сыртынан бірдеңе айтып араздастырып қояр ма деп қауіптеніп амалсыздан тастап кеткен болатын. Кешкісін тысқа шыққан Шоң есік алдында байлаулы тұрған екі ақбоз атты көрді.

– Әлгі Әлсен аттарын тастап кеткен бе? Апарып беріңдер. Мұның арты жақсылыққа апармайды. – Шоң қандай шаруаны болмасын ойлағанда бір қырынан емес, сан қырынан ойлайтын. Қазір де сонысына салып тұр еді. Ел естісе Шоң Әлсеннен би болуға өткізгені үшін пара алыпты деп айтып, сан саққа жүгіртетінін білетін. – Қажет емес өзіне қайтарып беріңдер! Өзінің әдетімен екі рет қайталап айтқан. Шоңның екі рет қайталап айтуы өз сөзінен қайтпайтындығының белгісі еді. Телқозы баласының мұндай сөзінен кейін қайтуы қиын екенін білді. Телқозы екі бозды қимай тұр еді. Содан кейін:

– Бұл аттарды маған әкелген.