Ел Шоңы. Шаңқай түс. II кітап - страница 67

Шрифт
Интервал


– Әлсен сізге атты не үшін әкеледі?

– Әкесі Шөміш баяғыда жылқысына қосылып кеткен үш жылқымды қайтармаған. Сол үшін саған әкелген осы екі атты мен алдым.

Шоң әкесінің мына сөзіне ренжіп қалды да:

– Олай болса Шөміштің өзінен даулап алмайсыз ба? Маған әкелген атты неге аласыз?

– Сен не айтып тұрсың, баласынан алайын, өзінен алайын, оның қандай айырмашылығы бар? Бос сөз сөйлеме! Жарайды, ол жағын кейін сөйлесемін. – Телқозы екі бозды алып кеткен. Осымен сөз біткендей болды.

Көктемде Азна күйеу баласы мен қызын жарты омыртқаға шақырды. Азнаның құда болғалы әдетіне енген, қыста соғымына құдасы Телқозыны шақырып, көктемде күйеу баласы мен қызын жарты омыртқаны сылтауратып тағы да бөлек шақыратын. Баяғы Нартайдың қылығынан кейін соны жасап жүрген. Уақыт өкпені жазады. Телқозы да, Шоң да, Әйімкүл де Таубайдың ол жүйрігін ұмытып, өкпе тарқаған. Ақмоладан келгелі Әйімкүл төркін жұртына барымпаз болып алған. Дегенмен, Шоңның жарты омыртқаға бұл жолы барғысы келмеді.

– Осы немене, бірдеңені сылтауратып сен үйіңе бара бересің? Ол ұят болады. Ана енең де ренжиді. Ыңғай шапқылайсың да жүресің!

Шоңның бұлай деуінде себеп бар еді, Жамал да бірде ренжіп баласына айтқан: «Сенің әйелің үйіне барымпаз болып алды. Басқа келіндер де көріп, соны жасайды».

Шоң шешесінің бұл сөзінде шындық жатқанын білетін. Сондықтан Әйімкүлдің мына айтқанын жақтырмай отырған. Бірақ ол болмады.

– Арнайы шақырып отыр. Бармағанымыз ұят болар. Басқа уақытта бармаймын, осы жолы барып қайтайық, – деді Әйімкүл. Шоң ешқашан ілуде-шалуда болмаса Әйімкүл көңілін қалдырмайтын. Бұлар бір ұйғарымға келе алмай отырғанда, үйге Телқозы кірді. Әйімкүл атасының көзінше тағы айтқан. Келіннің сөзін коштағандай етіп сөйледі ол да.

– Барыңдар, көп болмайды. Бармасаңдар Азна ренжіп қалады, – деді естіп отырған Телқозы.

Шоң іштей жақтырмай тұрса да, екі жақтан қолдап тұрған соң бармаймын деп айта алмады. Баруға келіскен. Сол сәтте Әлсен келе қалды. Би болғалы ол Шоң үйінен шықпайтын. Ренжісіп қалғанда да артынша қолма-қол ұмытып келе беретін. Ананы айтады, мынаны айтады, әңгімелесу үшін сөз табыла беретін. Кейде Шоңның оған беретін тапсырмасы да болатын. Көрші отырған адамдар кейде шабындыққа таласып қалады. Бірінің бірі малдарын ұрлап дауласып жатады. Ел арасындағы жанжал-дау көп, мұндай шаруаларға көбіне билерді жіберетін. Сондайлардың ретін тауып, шешіп келетін билердің бірі Әлсен еді. Әлсен басқа билердей сөзді көбейтпей, қиысын қисық деп, дұрысына жөнді ашығын айтып орындап келеді. Шоң оның осы қасиетін жақсы көретін. Онымен қоса Әлсен әңгімешіл еді. Жақсы сөздерімен Шоңның да, Әйімкүлдің де көңіліп тауып отыратын. Әлсен кіріп жайғасып отырған соң Шоң: