Ел Шоңы. Шаңқай түс. II кітап - страница 69

Шрифт
Интервал


– Ол екі атты Телқозыға беріп едің ғой, енді әкеп маған тықпалап отырмысың қалай?

– Бұл аттарды жеккізген мен емес, Әйімкүл, – деді Әлсен.

Шоң Әйімкүлге қарады.

– Шоңке, бұл аттар пәуескеге көрік бергендей болып тұр. Одан неге қашасыз? – деді Әйімкүл.

– Мен білемін, әкесі де, өзі де қызметі өтпесе босқа бермейді. Жойқынбек, мына екі атты доғар да, күндегі жегіп жүрген аттарыңның парын әкел.

Шоңның кейде бет-жүзге қарамай осылай тікке сөйлейтіні бар еді. Әлсен қатты ашуланып қалған. Шоң оған қараған жоқ, Жойқынбекке:

– Алып келіп басқа аттарды жек.

– Шоңке, ол аттарды өріске жіберіп қойып едім. – Жойқынбек Әйімкүл мен Әлсеннің көңілдеріне қарап айтып тұр еді. Өйтпесе, кейін екеуі өзіне ұрсатынын білетін.

– Сен Елгелді, сөзді көбейтіп жібердің ғой, асығатын ештеңе жоқ, екі қаракерді алып кел, – деді Шоң.

Жойқынбек атты доғаратын болып жатқанда бәрін естіп, көріп тұрған Әлсен атқа жармасты. «Осы екі бозбен барамыз» деді ол. Шоң мен Әлсен арасында реніш сөздер туып қалды. Араға Әйімкүл түсті тағы да.

– Шоңке, сіз қалайсыз? Әлсен сіздің ең жақын досыңыз. Соның әкелген атын пара дейсіз. Мынауыңды ел естісе ұят емес пе?

Шоң енді сөзді Әйімкүлге арнап сөйледі:

– Ел сен сияқты емес, басқаша ойлайды. Тағы да ертеңгі күні біреулер ақ боз ат алып келеді. Олардың да айтқанын жасай беремін бе? Олай болса, мен төркін жұртыңа бармаймын. – Үй сыртына қарай серуенге кетіп қалды Шоң.

Әйімкүл амалсыздан Жойқынбекті әлгі екі атты үй іргесінде жатқан жылқыға қосқызып жіберіп, олардың орнына екі қараны әкеп жегуге жіберген. Әлсен тұрып:

– Сенің күйеуіңді ел қанша ақылды дегенмен, осының есі дұрыс емес. Пара-пара деп қоймайды. Менің өз басым пара алмайтын адамды көргем жоқ. Анау ояздан бастап бәрі алады.

Әйімкүл Әлсеннің есі дұрыс емес сөзіне намыстанып қалды да, содан кейін айтқан:

– Шоңкең сондай таза адам, сондықтан соны жасайды.

– Бұл әлі үйрене алмай жүр, көреміз кейін талай пара алады. Онсыз болыс болып істей алмайды. Мен білемін, болыстардың алуы қандай көп болса, жоғары жаққа беру де сондай. Оны жасамаса біраз жылдан кейін Шоңды орнынан қуады.

Әлсеннің мына сөзі Әйімкүлге ауыр тиді. Енді Әйімкүл де Әлсенмен араздасып қалғандай еді.

– Сен Әлсен, аузыңа келгенді соға берме. Шоңкең осы жүрген болыстардың бәрінен де таза.

Әлсен тағы бірдеңе айтайын деп еді, сөз көбейіп кететінін білді. Және Шоң әйелінің тілін қатты алатын, кейін екеуін шатастырып қоятынын сезіп үндемей қалды. Жойқынбек басқа аттарды әкеп жекті. Сыртта біраз жүріп үйге кірген Шоңға Әйімкүл басқа аттардың жегілгенін хабарлады. Әуелідегі келісім бойынша Әлсен Әйімкүлдің төркін жұртына бірге баратын болған, Шоң мен Әйімкүлдің әлгі қылықтарынан кейін, қиқаңдай бастады: