– Дәл өзі! – деді казак.
– Олар біздің нағыз жау ғой, – деді Карбышев. Ағыбайды екі баласын тұтқындатып Сібірге айдатып жібергені есіне түскен болуы керек, – ендеше осы бойымызбен жүре берейік, – деді.
Шоң алдында Қояншы-Тағайдың болысы Аянның тілегі бойынша Омбыдағы генерал-губернаторға хат жазып, одан ешқандай жауап болмаған соң, қойған еді. Содан кейін Санкт-Петербургтен келген Карповтың досы Лавровқа Ағыбай балаларын тұтқындап алып кеткенін, оның екі халық арасында реніш туғызудан басқа ешқандай пайдасы жоқ екенін айтқан. Ол адам талап қылып көремін деп уәде етіп кеткен. Ағыбайдың екі баласы сол Лавровтың арқасында босанғанын Шоңның іші сезетін. Алайда, бұл іске Лавровтың араласқанын Карбышев білмейтін. Ағыбай балалары босатылып келгенде ояз таң қалған еді. Карбышев губернатордың емес, патша маңайындағылардың нұсқауымен босанғанын естігенде, түк жасай алмай қойған. Қазір Шұбыртпалылар аулы дегенде қатты қорқып кетті.
– Мен Шұбыртпалылар аулына қонбаймын. Олар маған бір қастандық жасауы мүмікін. Әрі қарай жүре берейік, – деді ояз.
Қасындағы жол бастап келе жатқан казак-орыс айтты: «Анау Балқашқа дейін тұратын осы Шұбыртпалылар, солардың бірінің үйіне қону керек. Мына қатты жауында бұлай жүре беруге болмайды». Казак-орыстың сөзіне қосылып Шоң айтқан:
– Семен Иванович, Ағыбай балаларының үйіне қонбаймыз. Шұбыртпалылар үлкен ел. Солдардың бірінікіне барып қонамыз. – Мына сөзден кейін Карбышев тынышталғандай болды.
Ымырт жабылғалы әлдеқашан. Жауын тіптен күшейе түскен еді. Қарсыдан қарауытып көрінген киіз үй қасына келіп тоқтады бұлар. Бәрі үйге кірді. Бұл Ағыбайдың үлкен баласы Аманжолдың үйі екен. Шоңды көріп орнынан ұшып тұрып келіп, қолын берді. Өткен жолы Қояншы-Тағайлардың болысымен келгенде Шоңмен танысып қалған. Сол таныстығын көрсетіп, қолын беріп тұр еді.
Бұрын Ақтау болысында істеген казак-орыс Аманжолды танып Карбышевке айтқан еді сол арада. Ол бұны естіп қатты ашуланды. Әлгі амандасуынан кейін Шоң әдейі әкеп отырғандай көрді. Карбышев орысшалап айтқан:
– Мен бұл үйде жата алмаймын. Басқа үйге барып жатайық.
– Осы маңайдағы ауылдың бәрі Ағыбайдың туыстары. Түн ішінде қайда барамыз, – деді Шоң. – Бәрібір білді. Осы үйге жатайық.
– Ендеше, Ағыбай баласын тұтқындап барып жатамын.
Мына сөзді естіп Шоң сасып қалды.
– Семен Иванович, үй йессін тұтқындап үйінде қалай жатамыз?