– Мені өлтіріп тастаса, сен жауап бересің бе, Шоң Телқозинович?..
– Қандай дұшпан болса да үйіне келіп қонған адамға қазақ ешқашан қастандық жасамайды. Қанына сіңген тәртіп бар сондай.
Карбышев отырып Шоңға айтқан:
– Ендеше, сен бұларға менің Ақмола уезінің бастығы екенімді айтпа!
Шоң бұған келіскен еді. Ағыбайдың балалары әкесіне тартқан тентек екенін білетін. Бұл оязға бірдеңе жасап қоя ма деп, өзі де қауіптеніп отыр еді. Бірақ Шоң ол күйін сездірген жоқ. Карбышевті қасына алып, төрге отырды.
Аманжол үйінің адамдары жандары қалмай күтті. Тамақтарын берді. Карбышев жатқанда қасына Шоңды, бір жағынан жол бастаушы казакты, аяқ жағынан бір солдатты жатқызған еді. Есікке екі әскери адамнан күзет қойып ұйықтаған. Ағыбай баласы көрші үйде жатқан. Ешқандай Карбышев ойлағандай жағдай болған жоқ. Шоңдар таңертең тұрғанда Аманжол Шоңға айтқан:
– Мен тұтқында болғанда біраз орысша үйрендім. Кеше сізбен мына адамның сөзінен Ақмола уезінің бастығы екенін білдім. Бұл баяғы Кенесарының қолынан өлген есаулдың баласы ғой. Бұл сол үшін інім екеумізді Сібірге айдатып жіберді. Соғысса әкелерім соғысты. Біз әкеміз соғысқа аттанар алдында ғана туғанбыз. Біздің қандай кінәміз бар?
Мына сөзді естіп, Карбышев не айтарын білмей қалды. Кінәсін мойындағандай, үнсіз отырып қалған.
– Аманжол, сен бәрін ұмыт. Бұл кісі де әдейі сендерді Сібірге жіберген жоқ. Сол кезде тәртіп солай болған. Сен оны көңіліңе алма. – Содан кейін Шоң сөзін Карбышевке арнап сөйледі. – Семен Иванович, сіз де өткенді ұмытыңыз. Сіздің әкеңіз бен Ағыбай бір-біріне жау болған жоқ. Оларды жау еткен сол кездегі жағдай, саясат. Өткен шаруаны қоздыра беру қажет емес. Оның екеуіңізге де пайдасы жоқ. Қолдарыңызды алыңыздар деді.
Шоң айтып отырған соң Аманжол қолын ұсынды. Карбышев те алды. Бір сәт екеуі де өткенді ұмытқандай болды. Шоң Аманжолға айтқан: «Әкеңнің басына құран оқуға мына болыстар аттың басын әдейі бұрды». Бұл кезде болыстар басқа үйде жатқан еді.
Аманжол мына сөзден кейін басылғандай болды. Содан соң айтқан, Шоңке өткен жолғы берген ақылыңыз дұрыс болды, Түркістанға апарғанда көптін бірі болып жататын еді әкеміз. Қазір ерсілі-қарсылы өткендер әкемнің басына тоқтамай, құран оқымай кетпейді.
Карбышев отырып сұраған еді Шоңнан.
– Сен Шоң Телқозинович, бұрын осында болғанда сондай ақыл-кенес бердің бе?