Тау мен теңіз ертегілері. Юйминь елі - страница 2

Шрифт
Интервал


«Таулар мен теңіздер классикасы» Сяо Маоның хоббиі делінеді. Ол «Таулар мен теңіздер классикасының» көптеген нұсқасын жинап, сақтап келеді. Демек, ондағы мәтін мен иллюстрациялар оған үлкен ой салып, шығармашылық шабыт сыйлағаны даусыз. Сяо Мао «Таулар мен теңіздер классикасын» дәстүрлі мәдениеттің мәйегі деп санайды. Қазіргі кезде ол соны пайдаланып, кәдеге жаратып отыр. Автор Қытай балаларының қазіргі шынайы өмірін «Тау мен теңіз ертегілеріндегі» қиялмен тығыз қабыстырып, шындық пен фантастиканы, бүгінгі өмір мен көне дәстүрді, классика мен заманауи стильді біріктіріп, жаңа ертегілер құрастырды. Оның бұл шығармашылық қадамы бізді қуантып отыр.

Мысалы, Сяо Мао «Таулар мен теңіздер классикасында» айтылатын башэ (bаshе)1 пілді жеп, сүйегін бірнеше жылдан кейін шығарып тастайды деген аңызды негіз ете отырып, үш жылан туралы ертегі құрастырып шықты: онда Вэйвэй деген кішкентай башэнің И-имен үйленіп, өздігінен жүріп-тұра алмай қалған кәрі башэге қамқор болғаны баяндалады. Кәрі башэ өлер алдында оларға «піл жемеңдер» деп өсиет айтып кетеді. Кішкентай башэ оның өсиетін тыңдамай, пілді жұтып қояды. Бұл қызықты оқиға желісіне құрылған шағын ғана ертегі болғанымен, онда терең философиялық ой мен үлкен мән жатыр.

Айта кету керек, «Тау мен теңіз ертегілері» топтамасы балаларға арналған оқиғаларды баяндап қана қоймайды, сонымен қатар балаларға ертегі арқылы негізгі құндылықтарды жеткізуге назар аудартады. Ертегілерде ақиқат, ізгілік, сұлулық ұғымдары өте тамаша тоғысқан. Мысалы, «Отшашар» деген ертегіде әкесі отшашарға «Сен киіміңді, шұлығыңды, аяқ киіміңді түгел шешіп жалаңаштанып, құралсыз, тамақсыз табиғат аясына барып, ағаш пен шөпті қорек етіп, жабайы аңдармен (егер жабайы аңдар болса) дос бол» дей отырып, оған табиғатпен үнемі байланыста болу керек екенін ескертіп отырады. Сяо Мао осы арқылы балалардың табиғатқа етене жақын өскенін, «табиғат тапшылығы бұзылуы» синдромынан зардап шекпесе екен деген арман-тілегін білдіреді. Тағы бір мысал ретінде көрсетер болсақ: Сяо Мао өзінің «Хужэнь» деген ертегісінде «Қиял, мейірімділік, әділеттілік, жаратылыс, уақыт… таңғы шық, шырт ұйқыда көрген түс, гүлдердің жұпар иісі… осылардың бәрі-бәрін ешкім бағаламайтын деңгейге жетті. Бұл адамды қатты алаңдатады және ой салады» деген сөздерді әженің аузына салып береді.