Бұл адамдарға қалай зиян тигізуі мүмкін?
Жәндік бір түйір құм жеп, су жағасында жатып, адамның келуін күтеді. Шын мәнінде, ол адамдардан өте қорқады, «адамдардың аяқ астына тапталып өліп қаламын ба» деп шошып жүреді. Ол адам келген заман аузындағы құмды оған қарай түкіріп қалады. Бұл жәндіктің күші өте аз, ал құмды өте алысқа түкіре алмайды. Оны адамдарға мүлдем жеткізе алмайды, кейде күннің көзі шығып тұрған кез болса, ол құмды адамның көлеңкесіне дәлдеп тигізеді.
Ол түскірген құмға сәл қарауға да, көлеңкеге тиді екен деп салғырттық жасауға да болмайды. Бұл жай құм емес, жәндіктің аузынан шыққан құм. Бұл құм улы болады әрі коррозиялық өзгерістер тудырады. Ол адамның көлеңкесіне үлкен тесік қалдырады, яғни темекі тұқылының киімге тисе тесіп кеткені сияқты болады.
Көлеңке «күйіп қалса», адам ағзасына ықпал ете ме?
Әрине, адам бірден ауырып қалады. Ықпалы бар, менің айтайын дегенім осы. Ең қорқыныштысы, ауырған адамның неден ауырғанын табу мүмкін болмайды. Дәрігер қанша білікті болса да себебін таба алмайды. Әрине, бұдан асқан қорқыныш бола ма?
Біз басқа жәндік туралы айтып кеттік, енді цинфу2 туралы айтайық.
Ван Цзыхай3 цинфуды алғаш көргенде, оны көбелек деп ойлаған. Ол көбелекке өте ұқсайды, бірақ көбелектен сәл үлкендеу. Оның қанаттары бар, қанатының түсі өте ашық, көзді сүріндіреді.
Ол кезде Ван Цзыхай әлі бала болғандықтан, құртқұмырсқа, көбелек ұстауды жақсы көретін. Кейбіреулер Ван Цзыхай оларды ақшаға жарату үшін ұстайды дейтін. Олар айтқандай емес, ол әлі бала болған соң, ақшаға құмартпайтын! Ван Цзыхай тек оларды қызық көріп қуып ұстайтын-ды. Қанша дегенмен, бала ғой.
Ван Цзыхай түрлі жәндіктерді ұстап алып, оларды үйге әкеліп, саз құмыраларға салып бағады.
Ол қоймадағы ағаш сөрелерге қойылған құмыраларды жәндікке толырып тастайтын. Онда неше түрлі жәндіктің бәрі бар. Оның ішінен алдында айтқан жаңғырық қоңыз, көрінбейтін жәндік, юй дейсің бе, бәрі табылады. Сондай-ақ оның ішінде ерекше қызықты қоңыздар да бар. Мысалы, адамның артынан қалмайтын ілеспе қоңызды айтуға болады. Ол адалдықтың символы. Қайда барсаң да, артыңнан қалмай еріп жүреді. Жалқау қоңыз деген қоңыз болады ғой, ол да бар.
Оны неге жалқау деп атаймыз? Себебі ол тамақ ішеді де ұйықтайды, басқа ештеңе істемейді. Жатыпішер, жалқау, арамтамақтар бар ғой, дәл сол сияқты. Бірақ бұл жәндік, оны адамдармен шатастыруға болмайды!