Ол кіші цинфудың қаны жағылған ақшаның соңғы тиынына дейін жұмсап тастайды. Көп зат сатып алғанына өзі мәз! Оның жұмсаған ақшасы толығымен, тіпті бір тиыны да жоғалмай өзіне қайтып келеді. Оның қуанышы қойнына сыймайды. Ақша қалайша өзіне қайтып келіп жатыр? Ол бұл туралы ойлай-ойлай басы қатқандықтан, енді оған бас ауыртқысы келмейді.
Оның бұл ұятты қылығын ешбір жан сезбеді, ешқандай сезіктенетін қауіп жоқ.
Ван Цзыхай сатып алған заттарын арзан бағада қайта сатып отырды, өйткені ол заттар негізінен тегін келген болып тұр.
Сөйтіп, Ван Цзыхай кәсіп бастағалы алғашқы қаржыны осылай тапты.
Бұл оның кейінгі байлығының көзі болып саналады.
Ван Цзыхай көп ақша тапты, бірақ ол бұған шын қуана алмады. Өйткені бұл ақшаның бәрі көлеңкелі бизнеспен табылған байлық болған соң, бұған оның ар-ұжданы шыдатпады. Ол өзін-өзі кінәлай бастайды, ұйқысы қашып, тіпті ашушаң болып, еңсесі түсіп, көңіл күйі болмайды.
Бір күні Ван Цзыхай үлкен цинфу мен кішкентай цинфуды бостандыққа жібереді.
Сөйтіп, ол цинфуды пайдалынып ақша табу сынды ескі кәсіптен бас тартады. Ол жиған-терген тиынтебенімен заңды кәсіп ашып, байиды. Ал оның қалай алғашқы қытайлық кәсіпкер атанғаны туралы айтуды кейінге қалдыра тұрайық. Бұл жерде ол туралы сөз қозғамай-ақ қояйық. Ван Цзыхай өзінің көп жылдық іскерлік тәжірибесінің арқасында мынадай қағиданы байқайды:
Аналы-балалы цинфусыз да ақша табуға болады, ақшаны айналымға салу керек, ақша айналымда жүріп пайда әкеледі. Ол бұлақ сияқты ағып жатуы керек. Сол себепті Қытайда ертеде ақшаны «цюань» (бұлақ) немесе «цинфу» деп атаған екен.
Ван Цзыхай өзінің қоймасының терезесінен қарап тұрып, цинфуды еске алады. Үлкен цинфу мен кішкентай цинфудың кеткеніне бірталай уақыт өтті, іштей оларды сағынатын сияқты.
Ол цинфулардың өзінің арт жағында тұрған Линшань4 тауындағы Нишуй5 көлінің жағасында, гибискус ағашының түбінде асыр салып билеп мәз болып, тіпті өзін көруге жақын арада келуді жоспарлап жүргенін қайдан білсін…
Түпнұсқаға сілтеме
1. «Соушэнцзи» деген кітапта: «Оңтүстікте цинфу деген жәндік бар. Оны ұстаған соң, 81 тиынды жәндіктің аналық қанымен, содан кейін қалған 81 тиынды жәндіктің баласының қанымен бояп қойыңыз. Содан кейін бірінші кезекте ананың қанымен боялған 81 тиынды зат сатып алуға жұмсаңыз, баласының қанымен боялған 81 тиынды үйде қалдырыңыз. Көп ұзамай сіз жұмсаған ақшаңыз бірден ұшып өзіңізге қайтып келеді. Бұл үрдіс қайталана береді» деп жазылған.